«AMANAT» партиясының Республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы облысымыздың Өскемен және Риддер қалаларында болып азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
«AMANAT» партиясы қазақстандықтарға заң көмегін көрсетуге бағытталған «Құқықтық көмек» партиялық жобасын іске қосқан болатын. Аталған жоба аясында партияның облыстық филиалында Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Ардан Аралбай, «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова, ШҚО Әділет департаментінің басшысы Айгүл Түктібаева, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Санат Абдрахманов, сондай-ақ заңгерлер мен адвокаттар қала тұрғындарын қабылдап сұрақтарына жауап берді.
«Біздің қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан, олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Міне, бүгінгі қоғамдық қабылдау кезінде осындай азаматтарға арнайы құқықтық көмек көрсетіліп кеңестер берілуде», – дейді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Аралбай Ардан Сұлтанұлы.
Өскемен қаласында қабылдауға келген азаматтар сот шешімімен келіспеу, алаяқтық және «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді көтерді.
Риддер қаласында өткен қоғамдық қабылдау кезінде тиісті басқармалардың басшылары мен орынбасарлары қаладағы өзекті мәселелер бойынша тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдады.
«Риддер-Астана бағыты бойынша теміржол қызметін қалпына келтірсе жақсы болар еді. Біз Астанаға бару үшін Өскемен қаласы арқылы жүруге мәжбүрміз. Қазір қала тұрғындарының көбісінің баласы осы бас қалада білім алып, жұмыс істеуде», – дейді қала тұрғыны Зинаида Либерзон.
Мобильді қоғамдық қабылдау әрбір азаматтардың өтінішін назардан тыс қалдырмайды және оны заң шеңберінде шешуге ықпал етеді. Ал қалалық, облыстық және тіпті республикалық деңгейде қаралатын мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешетін болады.
Фото: https://railways.kz/