Отандастарымыз «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Мәселен, жұмысқа орналастыру, жәрдемақы ресімдеу, баспана алу, ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету және т.б. Азаматтарға кеңес беріп, оларды толғандырған мәселелерді шешумен қатар, партияның қоғамдық қабылдауларында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жұмысы да белсенді жүргізіліп келеді.
Мәселен, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев азаматтарды қабылдау барысында алаяқтармен күрес және ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдау мәселесі көтерілді.
Мәселен, елорда тұрғыны Иван Дюрич алаяқтардың телефон және интернет арқылы адамдарды алдау әрекеті жиілеп кеткенін атап өтті.
«Жасым болса сексеннен асты. Алайда қарияларға дәл мұндай арсыз әрекет жасалғанын бұрын-соңды көрген емеспін. Ардан аттаған алаяқтар сенімге кіріп алған соң, алдап-соғып зейнеткердің атына несие рәсімдейді. Тіпті, қарияның қандай жағдайда өмір сүретініне де, зейнетақысы аз-көптігіне де, отбасының бар-жоғына да қарамайды. Керек десеңіз, атын да білмейді, түрін де танымайды. Сондықтан алаяқтарға тағайындалатын жазаны күшейтуді ұсынамын», – деді ол.
Халық қалаулысы былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарына интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге қарсы күресті күшейтуді тапсырғанын айтты.
«Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында «AMANAT» партиясы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, депутаттар біреудің ЭЦҚ-сын заңсыз пайдаланған, ЭЦҚ беру қағидаларын бұзған және бұлтты ЭЦҚ-ны пайдаланған адамдарға тағайындалатын жазаны қайта қарап, қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету енгізу бағытында жұмыс істеуде», – деді Павел Казанцев.
Депутат мәселені тиімді шешу үшін азаматтардың қаржылық сауатын арттыру қажет екенін және дәл осы мақсатта «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам адам оқытылды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «AMANAT» партиясы аталған жобаны Үкіметпен бірге бүкіл ел аумағында қолға алады.
Сондай-ақ қабылдау кезінде елорда тұрғыны, 1-топтағы мүгедек Алтын Алпысбаева ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау көрсету мәселесін көтерді.
«Менің де, балаларымның да денсаулығында кінәрат бар. Ол аздай, жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Мен секілді баспанаға зәру жандарға қолдау көрсетіп, мемлекет үй бере ала ма? Ерекше қажеттілігі бар жандарға тағы қандай қолдау шаралары қарастырылған?», – деді ол.
Өз кезегінде, Павел Казанцев партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификаттарына құқығы бар азаматтар санын көбейту көзделгенін атап өтті. Сонымен қатар жеке құрылыс компаниялары әлеуметтік тұрғын үй салады. Бұған қоса, мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері биыл 14,5%-ға өсті.
Осы аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдады.
Қостанай облысы Николаевка ауылының тұрғыны әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді және мерзімінен бұрын зейнетке шығу рәсімін өзгертуді ұсынды.
Премьер-Министрдің орынбасары Президент өз Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірлеу бойынша бірқатар тапсырма бергенін айтты. Атап айтқанда, 55 жастан бастап оларға арнаулы әлеуметтік төлем төленеді.
Сондай-ақ осы аптада Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дмитрий Колода азаматтарды қабылдады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында және Шығыс Қазақстан облысында мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері қарқынды жұмыс істеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын.
Еске сала кетейік, отандастарымыз өздерін толғандырған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:
1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
2. WhatsАpp: 8 700 800 4441;
3. Е-mail: komek@amanatpartiasy.kz.
Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.