Air Astana Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сертификаттаған Орталық Азиядағы тұңғыш Ұшқыштарды даярлау орталығын ашты.
Елордада Ұшқыштарды даярлау орталығының тұсауы кесілді
2,098
оқылды

Нысан Астана халықаралық әуежайының аумағында орналасқан және халықаралық стандарттарға сай алдыңғы қатардағы әуе тренажерлармен жабдықталған.

L3 Harris компаниясының Reality Seven толық пилоттық авиасимуляторы ұшудың әртүрлі қырларын имитациялауға арналған еліміздегі бірегей жылжымалы ұшақ кабинасы. Оқу-жаттығу орталығының арқасында Air Astana компаниялар тобының 500-ден астам ұшқышы әуекомпанияның операциялық өндірісінен қол үзбей елімізде қайта даярланатын болады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді.

Air Astana сонымен қатар Апаттық эвакуациялау (CEET) және Өрт сөндіру (RFFT) тренажерларына инвестиция жасады. Бортсеріктер мен ұшқыштарды оқыту аясында эвакуациялау мен өрт сөндіру кезіндегі түрлі жағдайларды имитациялайтын жаңа тренажерлар 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ұшқыштарды даярлау орталығын ашу ұшу құрамының халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндеттемемізді көрсетеді, деп атап өтті Air Astana тобының президенті Питер Фостер. Ашылған орталық Air Astana үшін жоғары тиімді актив болып қана қоймай, Қазақстанның ұшу дайындығы саласындағы өңірлік көшбасшы болуына септігін тигізеді.

Оқу орталығының ашылуы Air Astana әуекомпаниясының авиация саласында ұшу қауіпсіздігін, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық сияқты ESG қағидаттарына бейілділігін аңғартады. Әуетасымалдаушының ұшу кадрларын қалыптастыру және дамыту бойынша басқа бастамаларының қатарында 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ab-initio ұшқыштарды бастапқы даярлау бағдарламасы мен Алматыда 2018 жылы іске қосылған Оқу академиясы бар. Алдағы 5 жылда Air Astana компаниялар тобы жыл сайын қосымша 100 ұшқыш пен бортсеріктерді жұмысқа алуды жоспарлап отыр.