Назгүл бен Құндыздың жантүршігерлік оқиғасы "Көреміз" бағдарламасында көтерілді.
"Қорада тұрып, мал бағып жүр". 17 жылда адам танымастай өзгерген екі қыз туралы жаңа деректер шықты
22,048
оқылды

Түркістан облысы Есік Шілік ауылында тұратын, 17 жыл ішінде адам танымастай өзгерген Назгүл бен Құндыз есімді екі қыздың жағдайы туралы жаңа деректер айтылды,-  деп хабарлайды Massaget.kz.

Назгүл бен Құндыздың жантүршігерлік оқиғасы "Көреміз" бағдарламасында көтерілді. Қыздардың бірінің жасы 32-де, енді бірінің жасы 27-де. Ал қыздардың немере ағасы Cәулебек Әбілдаев былтырдан бері ресми түрде қамқоршы болған. Оның сөзінше, қыздарда анықталған туберкулез балаларына жұға ма деген қорқыныштан оларды оқшаулаған.

"Памперс керек болды. Кіші қыз күндіз-түн бұтына жіберіп қоя беретін болды. Біраз жүгірдік. Адвокатқа жүгіндік. Сол кісі жолдарын айтып, "қамқоршы тағайындалуы керек" деді. Туберкулез болғаннан кейін оқшаулап жүрміз. Бала-шағамызбен есепте тұрдық. Туберкулезден қатты қорықтым, ашық-жабық түрі дегенді түсінбейді екенмін", - дейді қыздардың немере ағасы.

Бағдарлама мәліметінше, қыздардың бірінде тубуркулездің жабық түрі анықталған, ал жабық формасы жұқпалы емес.

Қыздардың немере ағасы олардың мал бақпайтынын айтады.

"Қыздар мал бақпайды. Бірі бірінші топта, бірі екінші топта (психологиялық жағдайы - еск.). Үйде отырады. О баста алғанымда өткіземін деп алдым да (мемлекетке - еск.) көп қиыншылық шықты да өткізе алмадым. Көп документі тура болмады", - дейді Сәулебек Әбілдаев.

Қыздардың сыныптастары олардың қандай жағдайда тұрып жатқанын өз көздерімен көргенін жеткізді.

"Ақшасын алу маңыздырақ болды, бұларды адам ретінде көрген жоқпын" деп айтыңыз. Сіздің есігіңіздің алдындағы ит бақытты. Өткенде көрдім. Ит уақытылы тамақ ішіп, сүйек мүжіп жатыр. Ал екі қыздың тамағын нан, қара су қылып қойғансыз. Ішетін су көгеріп кеткен. Келіншегіңіз екеуіңіз неге ішіп көрмедіңіздер? Іштері көгеріп кеткен. Үйді түгел араладым, макарон тұр, оны қуыратын не май, не газ жоқ", - дейді қыздардың бірінің сыныптасы Айша Мұстафина.

Ал қыздардың күтушісі болып тағайындалған жеңгелері Ләззат Ахметова оларды қамқоршылық органдарына 7 жылдан бері тапсыра алмай жүргенін айтты. 

"Жерге жатып алады. Үлкен дәрет, кіші дәрет жібере береді. Жеті жылда мына жеріме келді. Өз балаларымды олай қарай алмайтын шығармын. Сіздер келетіннің алдында ғана ауруханаға апарып, система салдырған. Базада да тұр. Осынша неге жаман қылып көрсетуге болады? Бұлардың денсаулығы жоқ",-  дейді Ләззат Ахметова.

Ал екі қыз қатты жасқаншақ екені байқалады. Олардың бірі Құндыз Сұлтанбек мал бағатындарын айтып, өздерін алып кетуді сұраған.

"Осы жерде мал бағамыз. Мал Бақытжан ағанікі. Келіп тұрады. Ақша бермейді. Ақшаны Сәкен тәтеге береді. Телевизор бар ма? Телевизор көргіміз келеді. Мені қашан алып кетесіздер? Ағамызды шақырмай кете берейікші. Мені ұрады. Мал баққан ұнамайды. Мені алып кетіңіздерші. Сіздерден өтінемін. Қашан алып кетесіздер мені?" - дейді Құндыз Сұлтанбек.

Бағдарлама мәліметінше, қыздарға шамамен 225 мың теңге түседі. Сондай-ақ бағдарлама барысында олар қаптың ішінде жатқан киімдерін де көрсеткен. Ал жеңгесі бұл жаман киімдер екенін айтып ақталып отыр.

"Жаман киімдер. Тасталынатын киімдер. Күнделікті қатынап отыр. Күніге душ қабылдайды деп айта алмаймын, аптасында бір қабылдайды. Аптасына бір шомылдырамын. Психологиялық жағдайынан қорқамын. Үлкенінен қорқаймын. Кішкентайы балалармен ойнайды. Арасында агрессиясы болып қалады. Кішкентайының күтушісімін", - дейді ол.

Психиатр Санжар Тұрсынметов қыздардың психологиялық жай-күйіне баға берген.

"Менің қазір көргенім: ойлау қабілеті қалып қалған. Әртүрлі сұрақ арқылы ойлау қабілетінің төмен екені, ақыл-естің, ойлау қабілетінің төмен екенін көріп отырмын. Мұндай балалар арнайы мектепте оқытылуы керек. Толық сұрақ қойғанымда, кейбір сұрақтарға жауап ала алдым. Сәл сұрақ күрделенгенде, үнсіздікті байқадым. Ойлау қабілеті төмен болып тұр", - дейді ол.

Еске салайық, Түркістан облысында апалы-сіңлі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болғаны хабарланған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасына айтқан.