Композитордың тұңғыш рет жарық көрген фотоальбом-кітабында бұрын-соңды басылым беттерінде жарияланбаған, балалық шақтағы сирек кездесетін фотолары, композитордың әндері ноталарымен және әншілердің суреттерімен қоса берілген.
Кітаптың тұсаукесер кешіне Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ хас өнерге іңкәр қауым қатысты. Белгілі композитор тұңғыш кітабының жарық көруі үшін аз уақыт жұмсалмағанын атап өтті:
– Мен бұл кітапқа екі жыл бойы дайындалдым. Екі жыл бұрын жүрегіме күрделі ота жасалды. Сол кезде қанша ғұмырым қалды екен деп ойладым. Аман қалдым ғой, әйтеуір. Кітабымды кім шығарады? Ұл-қыздарым бар ғой. Бірақ өз әндеріңнің тағдырын өзіңнен артық ешкім білмейді. Әндерім – менің перзентім сияқты. Әрқайсысының мінезі бар. Жүрегімнен жарып шыққан әндерімнің халыққа жеткені де, жетпегені де бар. Мойындалғаны, әлі әншісін таппағандары бар. Сондықтан осы фотоальбом-кітабымды шығарғым келді. Бұл – менің тұңғыш жарияланып отырған кітабым, алғашқы қарлығашым. Мен өтірік ән жазып, өзімді алдаған емеспін. 40-қа жуық ән жазыппын. Оның ішінде 10-ға жуығы – халыққа танымал әндер. Мен өнерге адал болған жанмын. Өнерден басқа менің ешкімім жоқ, – дейді Қалдыбек Құрманәлі.
Композитордың шығармашылығы бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген. Аты аңызға айналған «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовпен көзі тірісінде кездесіп, тырнақалды туындыларына оң бағасын алған композиторды көпшілік бүгінде «Шәмші ағаның ескегі», «Шәмші мұрасының шырақшысы» атап кеткен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Аягүл Миразова да фотоальбом-кітаптың ұрпақ үшін құнды екенін айтты:
– Бұл кітап Қалдыбектің өзіне ғана емес, халқымызға, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өте қажет дүние деп білемін. Сондықтан мұндай дүниелер көбірек келсін. Әрине, композитор көп қой. Бірақ композитордың ішінде де шоқтығы биіктері болады. Мен Қалдыбекті осы үшін құрметтеймін. Қалдыбек – халықтың адамы, – деді ол.
Қалдыбек Құрманәлі – белгілі өнер иелері Мәдина Ералиева, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Майра Ілиясова, Сәкен Жақсылықұлы, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы, Тоқтар мен Бейбіт, Айгүл Иманбаева, Мирас пен Құралай, Әйгерім Қалаубаеваның орындауындағы халық арасына кең тараған – «Кірмеші жиі түсіме», «Қиялдағы қалқа», «Бақыт жайлы ән», «Ән-арман», «Жайықтың толқындары», «Телефонмен тіл қатшы маған», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу», «Шай ішіп кетсең қайтеді?», «Шағаласы Шардараның» тағы басқа әндердің авторы.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ