Шежірелі тарихымыздың әр парағын ашып, тереңіне үңілсек, халқымыздың азаттық үшін арпалысып өткенін көреміз.
Азаттық үшін арпалысқан
1,598
оқылды

Бостандық сүйгіш қазақтың басынан небір қилы заман өтті. Қысыл таяң кезде мұқалмай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген батыр бабаларымыздың ерлігі санамызда мәңгі жатталып қалды. 

Сондай бірегей батырлардың бірі, 1916 жылғы Ұлт­азаттық көтерілістің Бас сардары Амангелді Имановтың туғанына биылғы 3 сәуірде 150 жыл толды. Батырдың мерейтойына орай еліміздің әр өңірінде түрлі мәдени әдеби іс­шаралар өтуде. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, Амангелді батырдың ерлігі уақыт өткен сайын жаңғырып, айқындала түскендей. Тың деректермен толығып, көтеріліске қатысушылардың естеліктері де баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде жиі жариялануда. Аталған бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасын табарына сенім мол.

Патшалық Ресей кезінде қазақ даласында ірілі-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық күресінің болғаны мәлім. Солардың ішінде ауқымдысы – дәл осы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс. Оның шығуына әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар себеп болды. Отарлық езгінің күшеюімен қатар Патша үкіметінің «Июнь жарлығы» қазақ даласында көтеріліс отының лап ете қалуына түрткі болды. Бұл жарлық бойынша 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген еді. 

Нәтижесінде, майданға бала бермеуге бекінген қазақ халқы бірігіп бас көтерді. Осылайша, байтақ даламыздың әр жерінде қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Жетісу және Торғай даласы көтерілістің аса ірі ошақтарына айналды. Патша үкіметі көтерілісшілер шоғырланған жерлерге ірі әскери күштерді жіберді. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды. Торғай көтерілісі ірі қозғалыс ретінде тарихта қалды. Бас сардар Амангелді Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөліп, арнайы мерген­дер бөлімшесін құрды. Амангелді Иманов бастаған көтеріліс тарихы кейін «Торғайға шабуыл», «Татыр шайқасы», «Доғал­Үрпектегі кескілесу», «Күйіктегі айқас» деп аталып, аңызға бергісіз әңгімелер арқылы ел арасында кең тарады. Торғай жеріндегі көтеріліс Патша үкіметі құлаған соң ғана тоқтады. Мұның өзі батыр бабаларымыздың көзсіз ерлігін, қайтпас қай­сар­лығын дәлелдеп тұрғандай. Дәл осы көтерілістің бел ортасынан табылған батыр атамыз Амангелді Имановтың көзсіз ерлігі ел есінде мәңгі қалды.

Амангелді Иманов – қарапайым халықтың арасынан шыққан тау тұлға, оғлан батыр. Ол – елі үшін туған перзент. Әділдік аңсаған ол қалың қазақтың арманына қанат байлап, жол бастаған есіл ер. Ол – ұлттың тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін қарақан басын қатерге тіккен сардар. Батырдың бейнесі халық зердесінде дәл осылай жатталды және солай қала бермек. 

Батыр атамыз Амангелді Имановтың туғанына 150 жылдық мерейтойы батырдың аты берілген Амангелді ауданында қыркүйек айында тойланбақ. Елім деген ердің есімі лайықты деңгейде ұлықталып, атамыздың рухы бір көтеріліп қалар деген сенімдеміз. Кейінгі ұрпақ Амангелді батырдың ерлігін одан әрі асқақтатып, өнеге қылып айтса дейміз. Өйткені, ер есімі ел есінде мәңгі сақталады!

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Мәжіліс депутаты