Десек те, қалың көрерменнің назарында ұзақ сақталып, жүректен орын тапқаны аз. Аз дейміз-ау, көпшіліктің көретіні әлі күнге дейін «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Алты жасар Алпамыс мектепке барады», «Тақиялы періште», «Амангелді», «Біздің сүйікті дәрігер», «Көксерек», «Алдаркөсе», «Қараш қараш оқиғасы» секілді кеңестік кезеңде түсірілген фильмдер. Ал әлемдік деңгейдегі әртістерді шақыртып, қыруар қаржыға түсірілген қазіргі кинотуындылардың арасында жұрт жадында сақталғаны саусақпен санарлық қана. Өкінішке қарай, бүгінгі экранда беріліп жатқан фильмдердің ғұмыры біркүндік екенін мойындаудың өзі ауыр. Бұл сөзімізге кинорежиссер, продюсер Майра Қарсақбаева да келіседі.
– Бір жылдары қазақ киносының түпнұсқасы Ресей мұрағатында шаң басып жатқанын, алтын қорымызды цифрлық жүйеге көшіру мәселесін министрлікке дейін құлақтандырып, бастама көтерген едіңіз. Бұл мәселені соңына дейін жеткізе алдыңыз ба?
– Иә, осыдан 4-5 жыл бұрын қазақ киноларын Ресей меншігінен алып келу туралы мәселе көтердім. Сол кезде Олжас Сүлейменов ағамызбен бірге тиісті министрлікке ұсыныс тастап, Президентке дейін хат жаздық. Шынында да, кеңестік кезеңде түсірілген қазақ киносының барлық түпнұсқасы Ресей мұрағаттарында шаң басып жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда бұл мәселемен ешкім айналысқан жоқ. Ел іргесі бекіп, орнықты даму жолында саяси, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің озық үлгісін көрсете алдық деп мақтанышпен айтқанымызбен, ұлт руханияты үшін маңызды, мәдениет үшін таптырмас қазына, қазақ киносының інжу-маржаны саналатын халықтық мұралар бөтен елдің жерінде сақтаулы тұр. Міне, сол көрші елдің мемлекеттік фильмдер қорында жатқан ұлттық фильмдеріміздің түпнұсқасын елге алдыру мәселесін барынша көтердім. Мәскеудегі қорда жатқан Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалиндердің жауһар туындыларын цифрлық жүйеге көшіру керек. Бұл туралы айтып бармаған жерім қалған жоқ. Соған қарамастан осы күнге дейін Қазақстан киносының «Алтын қоры» Ресей меншігінде жатыр.
Осы мәселемен айналысып жүргенде таныстарым арқылы Ресей тарапына сұрау салып көрдім. Олар маған киноның көшірмесін сандық жүйеде қалай алу керектігін түсіндірді. Сметаны олар жіберді. Қазақтың атақты режиссері, ұлттық кино мақтанышы Абдолла Қарсақбаевтың киноүзінділерін алудың жолдарын біліп, бір киноны дубляж жасауға кететін қаржыға дейін сұрастырдық. Олар смета жасады. Елшімен де, сол уақытта осыған жауапты министрмен де кездестім. Әлеуметтік желіде мені қолдаған оқырмандар көп болды.
Әлі де айтарым сол, қазақ киноларының жауһарлары жылдан жылға сапасы құртылып жатыр. Ол ылғалды температура киноның сапасына әсер етеді. Тіпті, бұл мәселені сол уақыттағы Премьер-Министрдің орынбасарына дейін жеткіздім. Барлығы қолдап, қолға алу керек екенін ауызша айтты. Іс жүзіне келгенде ешқандай қозғалыс болған жоқ. Содан бері бірнеше жыл өтті. Өз ойлағанымдай мәселені соңына дейін жеткізіп, мақсатымды жүзеге асыра алмадым. Одан кейін де бірнеше рет көтердім. Жауапты адамдардан толыққанды жауап ала алмадым.
Таяуда бір таныстарым арқылы бұл мәселені тағы сұрадым. Білуімше, «Қазақфильм» Ақан Сатаевтың кезінде ескі кинолардың көшірмесін цифрлық жүйеге ауыстыратын қымбат құрылғы сатып алған. Сол арқылы қазақ киносының жауһарларын көшіріп жатыр деген әңгімені естідім. Оның сапасы қаншалықты боларын білмеймін. Себебі мен осы мәселені көтеріп жүргенде ресейлік мамандар бірде бір фильмнің көшірмесін елден шығартпаймыз деп тоқетерін айтқан. Олардың заңы бойынша кеңестік кезеңде түсірілген фильмдердің барлығы сол елдің қазынасы ретінде қарастырылады. Олар маған «Түпнұсқа бабинадан көшірмесін осы жерден жасатып, сол көшірмеден көшірме жасай берсін», – деді. Түпнұсқа ешкімге берілмейді. Ал менің ойым басында сол қаржыны Гостелерадиоға жіберіп, солардың мамандарына ақша төлеп, олар бізге сапалы көшірме жасап берсе деген едім. Себебі кинокөшірмені түсіру оңай емес. Әрбір кадрды жуып-тазалау қажет. Бір киноға бір ай уақыт кетеді. Ал біздікілер қазақ киносының сапасын қаншалықты сапалы етіп түсіріп жатқанын білмейміз. Көшірмеден сандық жүйеге түсіріп жатқан шығар. Олардың жұмысын қадағалайтын ешкім емеспін. Маған есеп беруге құқылы емес. Осы уақытқа дейін бұл сұрауым бойынша бірде бір жауапты мекемеден жөні түзу жауап алмадым. Әйтпегенде бұл мәселені көтеріп жүргенде-ақ кинокөшірмені жасау ісін алға бастырып, бас-көз болу үшін өзімнің кандидатурамды тағайындауды сұраттым. Ол үшін өзіме бір тиын ақша алмаймын деген болатынмын. Бар болғаны қасыма көмекшілерді бөліп берсе, барлық киноны көшіріп болғанша бас-көз болуға келісімімді берер едім. Маған оның аты да, атағы да, ақшасы да керегі жоқ.
– Елімізде кинокомиссия құру мәселесін де қозғаған едіңіз. Сіз ойлағандай комиссия құрылды ма, ол не үшін керек?
– Бұл ұсынысым да аяқсыз қалды. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болып тұрған кезде үлкен презентация жасадым. Сол кезде кинокомиссия құру туралы бастама көтердім. Оның жұмысы не? Ол кино сапасын бақылау емес. Ең алдымен шетелдің киноларын Қазақстанда түсіруге жағдай жасауға мүмкіндік беру. Бұл – әлем елдерінде бар тәжірибе. Көптеген елдер осы арқылы экономикасын дамытып отыр. Мысалы, шетелдің продюсерлері кино түсіру үшін біздің жерге өз ақшаларын ала келеді. Олардың екі мақсаты бар. Бірінші – табиғаттың локациясы керек. Екінші – рибейт. Айталық, шетелдік кинокомпаниялар басқа елде кино түсірсе, рибейт деген бар. Бұл ақшаның бір бөлігін кино түсірілушілерге қайтару, сатып алудан кейін берілетін жеңілдіктің ерекше түрі десек болады. Кинокомпания жұмсаған ақшасының 30 пайызын қайтып алады. Көптеген шетелдік компания басқа елге кино түсіру үшін осындай мақсатпен келеді. Ал «Кино туралы» заңды қабылдағанда біздікілер пайызын қайтарып алу үшін шетелдің кинолары 850 мың доллар ақша жасау керек дегенді алға тартты. Оның қате қадам екенін дәлелдеп жатып заңнан алып тастаттым. Қазір барлық елде, тіпті Израильдің өзінде кем дегенде 200-250 мың доллар ақша жұмсау керек. Бізде шетелдік кинокомпанияларды үркіту үшін аспандағы айды сұрады. Шамасы, бізге ақша керек емес секілді.
Былтыр болливудтық кинокомпания біздің елде бірнеше миллиондық кино түсіру туралы ұсыныс тастады. Сөйтсем, бізде кинокомиссияның аты бар, бірақ заты жоқ екен. Құжатта ақшаны қалай қайтарып алу туралы ештеңе көрсетілмеген. Онымен ешкім айналыспайды. Сосын олар бізде емес, Грузияға барып түсірді. Қазір жыл сайын Үндістанның Грузияда 80 киносы түсіріледі. Бұл сол елге қаншама ақша әкеліп жатыр. Біз шалағайлығымыздан қыруар ақшадан қағылып отырмыз.
Шетел киноларын біздің елде түсіруден қандай пайда бар? Біріншіден, жұмыс орны табылады. Бірде маған шетелдік кинокомпанияның жүк көлігін жүргізетін жігіт «Осы жұмыстың арқасында бір жыл ішінде несиемді жауып тастадым» деп келді. Екіншіден, шетел кинолары арқылы Қазақстанның табиғатын көреді. Туризм дамиды. Үшіншіден, тәжірибе алаңы. Мысалы, бізде бір кинооператор болливудтық операторлардың жұмысына таңғалғанын жасырмады. «Олардың экранындағы Қазақстанды танымай қалдым», – дейді. Біздің мамандар шетелдік кинотүсірушілерден көп нәрсе үйренеді. Теория бір жағына, практика дамиды. Сондықтан кинокомиссияның пайдасы өте зор. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселеге де назар аударған тірі жан жоқ. Жақында ғана министрлік өкілдерімен кездескенде тағы ұсыныс жасадым. Айтуларынша, бұл туралы жиналыс өтетінін айтты. «Кинокомиссия жұмысын кім көтереді?» деп сұрадым. Сөйтсем, киноға қатысы жоқ адамдар кинокомиссия жұмысын қарастыратын көрінеді. Лимонды тістеп көрмеген адам оның дәмі туралы қалай айтатыны қызық болып тұр.
– Түріктің таңдаулы туындыларын қазақ көрермендеріне көрсетіп, дистрибьюторлықпен айналысып жүрсіз. Ал біздің қазақ туындылары қашан түрік көрермендеріне жол тартады?
– Түрік киноларының біразын қазақ көрермендерінің назарына ұсындық. Сол секілді біздің фильмдерді де түріктің кинотеатрларында көрсету туралы бастама көтердім. Бірақ бұл елдегі дистрибьютерлердің бастықтары «алдымен киноны көреміз, егер сапасы болмаса, алмаймыз», – деп кесіп айтты. Біз оларға жабысып алуға қақымыз жоқ. Түрксойда Бас хатшының кино бойынша кеңесшісімін. Қазір біз түркі елдерінің киноқорын жасағалы жатырмыз. Бағдарламасы да дайын тұр. Сондағы мақсаттың бірі осы сауалды алдыға тарту ойда бар. Түркі елдерінің арасында ішаралық дистрибьюторлық қарым-қатынас орнату. Бір-біріміздің киномызды өз елімізде көрсетуді мемлекеттік жүйеде көтеру керек. Әр халық өз мәдениетін танытуға мүмкіндік алуы тиіс. Бұл мәселені әлі көтеремін. Бірақ өзіңіз білесіз, түріктің тарихи туындылары бірінен бірі өтеді. Ал қазақ киноларының сапасына келгенде салымыз суға кететін жағдай көп. Бұрын да айтқам, тәуелсіздік жылдарында елімізде кемінде 300 миллион долларға фильм түсірілген, бірақ соның 70 пайызы халықтың есінде қалмапты. Оның барлығы кино сапасына байланысты. «Невафильм» комиссиясы қазақ кинотуындылары бөлінген қаржының 10 пайызын ғана ақтай алатынын айтқан.
– Маман ретінде айтыңызшы, тарихи туындыларымыздың сапасы бөлінген қаржыға сай келе ме, келмей ме?
– Келмейді. Тарихи туындылар туралы көп нәрсе айтқым келеді. Соңғы кезде тарихи туындылар туралы сериал шығару сәнге айналды. Мұны тоқтату керек. Себебі арзан ақшаға тарихи тұлға туралы телесериал түсіріп, жастардың танымын өзгертіп жатырмыз. Қазіргі жастар кітап оқымайды. Сондықтан олар кинодағы тұлғаны сол бойынша қабылдайды. Арзан ақшаға тұлғаларды топырлатып киноға түсіру барып тұрған бассыздық. Үлкен тұлғаны кішірейтіп жатырмыз. Нұрғиса Тілендиевтің әйелі Дариға апаймен араласып тұрамын. Сол кісі Нұрғиса туралы киноны көріп, «Кинодағы Нұрғиса мен білетін Нұрғиса емес», – деп көзіне жас алғанын айтады. «Кинода мен күйеуімді портфель ұстап алып ары-бері сандалып жүрген адамды көрдім. Оның портфелі де болмаған. Нұрғисаны мазаққа айналдырды», – деп жыларман болды. Ақша мен атақ үшін ұлы тұлғалардың есімін ұятқа қалдыруды тоқтату керек.
Сосын бізде бір тұлғаны бір адам ойнай береді. Қарасаңыз, Азамат Сатыбалды бүкіл тұлғаны ойнап шықты. Әрбір тарихи киноны немесе тұлғаны түсірген кезде актерлық құрамды тұрақтандыру қажет. Сонда ғана киноның мағынасы болады. Мысалы, шетелде «Страсти Христовы» деген фильм түсірілді. Сол кезде Исустың рөлін сомдаған актермен кинокомпания «Бұдан кейін басқа рөлді сомдамайсың» деген келісімшартқа қол қойылды. Себебі, әрбір кинода ойнаған адам сол образда халықтың жадында сақталуы тиіс. Одан кейін көрнекті фильм түсіретін кезде актерлық құрамды анықтайтын комиссия болу керек.
Бұдан бөлек, біздегі тарихи туындылардағы кейіпкерлер кітапта айтылған кейіпкермен сәйкес келмейді. Шындығы сол, тарихи сериалдар түсіруге шамамыз жоқ. Шытырманды көрсетуге қабілет-қарым аз. Сериал түсіруді түріктерден үйрену керек. Егер қабілет жетпесе, сериал емес, көркем толықметражды фильм түсірсін. Бірақ оның өзін алда кездескен режиссерге бере беруге болмайды.
– Түрксой ұйымында жұмыс істеп жатыр екенсіз. Түріктің режиссерлеріне біздің тарихи туындыларды түсіруге ұсыныс тастадыңыздар ма, не болмаса олардың тараптан ұсыныс түсті ме?
– Біздің мақсатымыз да сол. Жақында Бурса қаласында кинофорум болады. Сонда осы мәселені көтереміз. «Қорқыт ата» фестивалінде де ұсыныс жасайтын боламын. Түркия елімен жақсы қарым-қатынастамыз. Сондықтан біздің ұсыныс болашақта қабыл алынып қалуы да мүмкін.
– 2018 жылы Митхун Чакроборти мен Ранди Пхута ойнайтын кино түсірілгелі жатқанын айтып едіңіз. Оның соңы не болды?
– Келісім әлі жасалып жатыр. Сценарий дайын. Бұйырса, болливуд жұлдыздарымен бір кинокомедия түсіру жоспарда бар. Екі-үш айда сүйіншілейтін боламыз.
– Біздің қазіргі кинолардың басты тақырыбы – тоқал мен бәйбішенің тартысы, ошақ қасындағы әңгіме мен қазақы менталитетті келемеждеуге құрылады. Әуесқой фильмдердің аяқ алысы туралы не айтасыз?
– Олардың ешқайсысы кино емес. Оны киномен шатастырмау керек. Бұл – көшеде түсірілген әзіл-ысқақ жанры. Мен мұндай дүниелерді «фильм» деп қарамаймын. Бұл ағым тек біздің елде ғана емес, Өзбекстанда да, Үндістанда да бар. Қоғам осындай дүниені дұрыс қабылдайды. Себебі өз-өзін айнадан көргендей болады. Кино болмаса да қызығады. Меніңше, бұл дүниелерден кино дегенді алып, «көшедегі тамаша» немесе «әзіл-сықақ» деген бөлек көркемдік жанр беріп, өз алдына дамыта берген жөн. Мәселе олардың өзін кино ретінде көрсетуінде болып тұр.
Мәдениеттің мақсаты – тәрбиелеу. Әлгіндегідей әзіл-сықаққа құрылған дүниелерді экранға шығарар алдында тәрбиелік мән-маңызына бақылау жасап, сұрыптайтын министрлікте жауапты адамдар болғаны дұрыс. Өкінішке қарай, біздің қолымыздан тек айту келеді. Шешім қабылдауға құзырымыз жүрмейді.
– Халықаралық байқауда бақ сынаған кинолардың да жұртқа ұнағанын кездестіру қиын ғой. Неге?
– Екі жыл бұрын «Байқоңыр» деген кинофестивальде болдым. Сонда өмірімде бірінші рет әділқазылар алқасының мүшесі болу бақыты бұйырыпты. Бас әділқазы – Германиядан келген киносыншы еді. Сонда маған ұнаған кино оларға мүлдем ұнаған жоқ. Байқағаным, еуропалықтардың көзқарасы басқаша. Иә, «Қыз Жібек» фильмі ешқандай байқауда ұтқан жоқ. Бірақ көрермені көп. Ал байқауда бағы жанған бүгінгі фильмдердің көрермені жоқ. Себебі байқау үшін өзіміздің құндылығымызды көлеңкеге ығыстырып, бәйге үшін басқа елдің мәдениетін көрсеткіміз келеді.
Кино – идеология құралы. Сондықтан мемлекеттің қаржысына түсірілетін фильмдерге талап тіпті қатал болуы тиіс. Бұрын Шәкен Аймановтың кезінде көркемдік кеңес болған. Ол кезде идеологияға қатты мән берген. Қазір осындай кеңес барына күмәнім бар. Бұрын бұл жайлы да министрлікке айтылды. Министрлік жанында кино сапасына жауапты комитет болуы қажет. Бізде қазір министр ауысса, «Қазақфильм» бірге ауысады. Сөйтіп, киномызды «тістегеннің аузына, ұстағанның қолына» ұстатып жібердік. Мысалы, жақында Қытайдағы кинофестивальге барам. Сол елдің сериалдарын көріп жүрмін. Идеология көзге ұрып тұр. Біздегідей моральдық құлдырау жоқ. Біздегі тарихи кинолардың кемшілігі сол, бүкіл оқиғаны бір жерге жинағысы келеді. Әр тарихшының айтқанын қосып, соңында қойыртпақ шығады. Көрермен қайсы оқиғаны қабылдау керек екенін ұмытып қалады. Миллиондап ақша бөлінсе, оны тексеретін адам да соғұрлым көбейіп кетеді. Әр ақын-жазушы өз айтқанын тықпалап, ақша беретін адамдары да араға түсе бастайды.
Сосын грант алу рәсімінде де «баяғы жартас – бір жартас». Жұрт көзінен жасырын жүретін дүние көп. Бәке-Сәкені қазіргі жастар да бойына сіңіріп алды. Осы бір аурумен көзі ашық, көкірегі ояу жастар да ауырып жатыр. Бәке-Сәкенің тамырына балта шаппай, ашықтық туралы айту ерте.
– Өзіңіз тарихи туындыларды түсіруге тендерге түсіп көрдіңіз бе?
– Түрік киноларына дистрибьютер болып жүрмін. Содан кейін үнді киноларын түсіруге атсалысып жатырмын. Болашақта қатысып қалармын. Бірақ дәл қазір менің мақсатым – түркі елдерінің киноқорын ашу. Бұл бойынша алты елдің мәдениетке жауапты министрлерімен келісімге келу жағын ойластырып жатырмыз.
– Сіз түсірген фильмдерге де сын айтыла ма? Сынды қалай қабылдайсыз?
– Бұрын түсірген 4-5 кино бар. Айтпақшы, сол киноларда Көлсай мен Шымбұлақтың әдемі жерлерін көрсеттім. Мысалы, маған Шымбұлақта демалу үшін тегін билет береді. Себебі табиғат аясын түсіріп, титрда көрсету үшін шетелге жіберем. Олар да пайдасын түсініп алды, солай турист тартып жатыр. Маған берген тегін билетін бірнеше есе қайтарып алады. Осыны Үкіметтің деңгейінде жасаса дейсің. Бұл мәселені айтып алдарына талай бардым. Менің ақша табатын жұмысым бар. Өзіммен өзім тіршілігімді істеп жүре беруге болады. Бірақ кино саласының өркендеп, ел туризмі дамығаны, әлем қазақты танығаны қажет.
Ал сын туралы айтсам, біз 2013 жылдары «Качели любви», «Құтқарушылар» деген фильм шығардық. Сынның астында өзім де қалдым. Біздің кинода да ақсаған тұстары болды. Сын шын болғанын қалаймын. Жалпы, бізде сыншы көп. Соның ішінде кәсіби сыншы жоқ. Себебі біздегі сыншылар жалпылама сын айтқанды ұнатады. Бірақ нақты кемшіліктерін көрсетпейді. Алдағы тағы бір мақсатымыз – сыншылардың мектебін ашу туралы бастама көтеру болып отыр. Мысалы, шетелде киносыншыларға сұраныс жоғары. Олардың мәртебесі биік. Соған байланысты олар сатылмайды. Ал біздегі сыншылар сатылып жұмыс істей береді. Шетелде сыншының рөлі ерекше. Марат Бисенғалиевпен доспын. Сол кісі бірде Лондонда танымал емес ауданда концерт қойған. Бір сыншы байқап жергілікті газетке мақала жазыпты. Сол мақаладан кейін жолы ашылғанын әлі күнге айтады. Өйткені ол елдегі сыншының әрбір сөзі шынайы. Егер бізде де білікті сыншылар дайындайтын мектеп ашылса, қазақ киносының көсегесі көгерер еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ