Бүгін марқұм келіншектің жалғыз қызы сотта жауап берді. Ол бұл істе жәбірленуші ретінде танылған. Айтуынша, күдіктіні бұрын-соңды анасының жанынан көрмеген.
"Үйсіз жүрген жандарға арналған бейімдеу орталығында тұрды. Тығыз қарым-қатынаста болдық деп айта алмаймын. Бөлек тұратынбыз. Арасында балаларымды қарайтын. Асханалардың бірінде ыдыс жуатынын айтатын. Соңғы рет өлерінің алдында екі апта бұрын көрістік. Сол қаралы күні бізді полиция бөліміне шақырды. Анамды өлтіріп кеткенін сол кезде ғана білдім. Күдіктіні осыған дейін көрмегенмін. Танымаймын", – деді марқұм әйелдің қызы.
Бұл жолы да күдікті сот залында жүзін көрсетпеуге тырысып бақты. Бет-аузын қағазбен жауып әлек. Тағылған айыпқа сүйенсек, тұрақты үйі мен табысы жоқ Иманқосов бірге тұрған әйелден ажырап қалмас үшін жауыздықпен адам өлтірген. Одан соң Алматыда жүрген қанішерден қорғаймын деп, бірге тұрған келіншекке айтып, үйден қуып жібермеудің осылайша амалын жасаған.
12 сәуірде Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған адамның басы табылып, дүйім ел шулаған. Марқұм 1976 жылы туған әйел. Бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Оның денесі базар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды. Екі аптаға жетпей 61 жастағы күдікті ұсталған болатын. Иманқосовтың қылмысы дәлелденсе, кемі 15 жыл немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.