"Әлемдегі ең бақытты адам – баласы бар ата-ана" деген көпбалалы әке Нұрбол Темірғалиев отбасының берекесі сыйластықта екенін айтты.
Нұрбол Темірғалиев: Әлемдегі ең бақытты жан – баласы бар ата-ана
2,484
оқылды

Отбасылы болған соң, "ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды" ғой. Ондай кезде ерлі-зайыпты бірін-бірі тыңдай алуы керек. Сонымен қатар сабырлылық сақтап, өзара сыйластық болуы тиіс. Әлемдегі ең бақытты жан – баласы бар ата-ана. Сондықтан баланы құшағына алып, оның құшырлана иіскеу –  бақыт. Аллаға шүкір,  сол  үшін өзімді бақыттымын деп санаймын. Оның үстіне, үй ішім, ағайын-туғаным аман-есен, – дейді Нұрбол Темірғалиев. 

Көпбалалы әке уақытының тығыздығына қарамастан барынша балаларына уақыт бөліп, үйірмелеріне апарып, отбасылық шараларға отбасымен қатысатынын сөз етті. Тіпті, отбасының өнерлі екенін де жасырмады.

Шынын айтқанда, балалардың тәрбиесімен негізінен анасы айналысады.  Дегенмен  жұмыстан келгенімде бар уақытымды балаларыма арнауға тырысамын.  Ұлымның жаттығуына барып, қызымның мектебінде өтетін шараларына қатысамын.  Ұлым – спортқа, қызым – өнерге жақын. Мысалы, биыл қызым комбинаттың 85 жылдық мерейтойында Kalifarniya, "Дос-Мұқасан" секілді эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп, ән шырқаған. Мұның өзі үлкен жетістік. Ал ата-ана үшін үлкен бақыт, – деген ол тіпті жұмыстағы ғана емес, ауданда RUN Fest, марафон секілді өтетін мерекелік шараларға отбасымен қатысып тұрады.

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның тау-кен шебері атанған Нұрбол – бүгінде  №2 жөндеу цехында инженер.  Өзінің еңбек өтілі 20 жылдан асса да, еңбегімен жұмысын көрсетіп, ел аузында мақтанышпен айтылар әулет етпек.

– Өзім Хромтаудың тумасымын. Әскерден келісімен комбинатқа жұмысқа тұрып, өз кәсібімнің мықты маманы атануға тырыстым. Негізі, біздің жақта Айтанатовтар, Жанаевтер секілді еңбегімен танылған әулет өте көп. Біздің де отбасы сондай болғанын қалаймын. Әйтпесе, бұған дейін Астанаға да, Ақсуға да жұмысқа шақырған. Бірақ өзімнің туған жерімді, елді мекенімді көркейткім келді, – деген Нұрбол Темірғалиев бүгінде Хормтаудың облыстан кем еместігін айтты.

Айтуынша, осы еңбегінің арқасында жұмыста абыройы өскен, баспаналы болған. Келіншегі Бақыт та өзімен бірге сол комбинатта жұмыс істейді. Ол – қоршаған ортаны қорғау зертханасының микробиолог зертханашысы.

– Негізі келіншегім екеуміз бір комбинатта жұмыс істейміз. Қазір ол декреттік демалыста. Кенжеміз бір жасқа толды, соны қарап отыр. Өзінің мамандығы – химик-биолог, – дейді көпбалалы әке.

Оның айтуынша, олардың отбасын құрғанына 16 жыл болған.  Қазір екеуі екі ұл, екі қыздың ата-анасы атанып отыр.

– Екеуміз жақын ініміздің үйлену тойында таныстық. Ол – құдаша, мен  – құда бала болып таныстық. Бір көргенімнен оның өзіме жақын адам екенін білдім. Жүрегім менің адамым екенін сезді. Аллаға шүкір, қазір төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызым 7-сыныпта оқиды. Өзі эколог болғысы келеді. Одан кейінгі балам 5 сыныпқа, ал одан кішісі мектеп дайындығына барып жүр. Кенжеміз болса бір жасқа келді, – деген көпбалалы әке үлкен ұлының өзі секілді спортпен айналысатынын айтты.

"Қанда бар нәрсе жоғалушы ма еді? Балам өзім секілді спортқа жақын, күреспен айналысады. Мен де әлі күнге дейін гір көтерумен айналысамын. Шынын айтқанда, жастық шағымда спортпен кәсіби тұрғыда шұғылданып, Қазақстанның спорт шебері атанғанмын" деген Нұрбол Темірғалиев гір көтеруден әлем чемпионатында екінші орын алып, Қазақстан чемпионатында 5 рет жеңімпаз атанған