Ғалым ластанудың қоршаған ортаға қалай әсер ететінін, ауыр металдардың топырақта қалай жиналатынын және қозғалатынын, оның кеңістікке таралуына зерттеу жүргізді.
«Біз нейрондық желілерді пайдалана бастадық. Химия, геология және IT саласындағы ғылымдардың мұндай үйлесімі жаңа қызықты нәтижелерге жол ашады. Сонымен қатар объектілерді әдеттегі зерттеу кезінде айқын емес заңдылықтарды табуға мүмкіндік береді. Мен өзім бағдарламалауға және ақпараттық жүйелерді құруға қызығушылық танытамын. Сондықтан геохимия және қоршаған орта объектілерінің мониторингі саласында нейрондық желілер сияқты компьютерлік модельдерді және басқа машиналық оқыту технологиялары пайдалануды меңгеруді қолға алдым. Бұл бағыт зерттеулердің ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Жалпы «оқытушы-зерттеуші» лауазымына ауысу шығармашылық ғылыми әлеуетті ашуға және зерттеу қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді жаратылыстану ғылымдары факультетінің химия кафедрасының оқытушы-зерттеушісі Руслан Сафаров.
Енді жаңа жоба аясында ЕҰУ ғалымы қатты ластанған атмосфераны зерттеуде машиналық оқыту әдістерін қолданып, бұрын жинақталған тәжірибені пайдалануда. Химия ғылымдарының кандидаты Руслан Сафаровтың айтуынша, бұл зерттеулер, әсіресе өнеркәсіптік ортасы дамыған аймақтарда маңызды.Биылғы жылы жас ғалым «Машиналық оқыту әдістерін қолдану арқылы Павлодар қаласының экологиялық жағдайын бақылау және картаға түсіру» жобасы бойынша грант ұтып алды. Қаржыландыру ғалымға осы тақырып бойынша өзінің ғылыми дамуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, 2020 жылы ЕҰУ университет ғылымын дамыту мақсатында қанатқақты жобаны қолға алып, «оқытушы-зерттеуші» деген жаңа лауазымды енгізді. Бүгінгі таңда конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 20-дан астам ғалым осы бағытта еңбек етеді және ғылыми әзірлемелермен айналысады.