Тамыз айының басында «AMANAT» фракциясының мүшесі, Қазалы аудандық мәслихат депутаты Райымбек Болатбекұлы Бөлебаев Бозкөл ауылының тұрғындарымен кездесті.
Аманаттық депутат өз қаражатына тозығы жеткен спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізді
1,579
оқылды

Кездесу барысында ауыл жастары ел ішіндегі ескірген ашық спорт алаңын жөндеп беруін өтінді. Нәтижесінде, аманаттық депутат жастардың үніне құлақ асып, олардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасады. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы «Жастар керуені» жобасы аясында ауыл ішіндегі тозығы жеткен спорт алаңын жаңартып берді.

Жергілікті жастардың айтуынша, ашық спорт алаңы «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2013 жылы пайдалануға берілген болатын. Он жылдың ішінде алаң тозып, ескірген.

–   Тозығы жеткен ашық спорт алаңы 2 млн теңгеге қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, жаңа нысан «Бозкөл ауылы күні» қарсаңында халық игілігіне пайдалануға берілді. Ел алдында борышымыз  халыққа қызмет ету. Сол себепті де алдымызға келген кез келген мәселені шешуге тырысып жатырмыз, – дейді мәслихат депутаты Райымбек Бөлебаев.

Айта кетейік, халық қалаулысының ауданға істеген игі ісі өте көп. Осыған дейін, депутаттық фракцияның мүшесі демеушілік көмегі аясында шалғайдағы Кәукей мен Бозкөл ауылдарының 70-ке жуық отбасына бау-бақша егуіне егістік жерді дайындап беріп, толық сумен қамту үшін су айдайтын дизельді насос орнатып берген болатын. Сол себепті де бүгінде бозкөлдіктер елдегі өзекті мәселенің оң шешілуіне атсалысып, бұйымтайларын орындаған Райымбек Болатбекұлына алғысы шексіз.