Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде «2024–2026 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары таныстырылды. Отырысқа Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев жетекшілік етті.
Жаңа заң жобалары таныстырылды
316
оқылды

Іс-шараға депутаттар, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

Қаржы вице-министрінің айтуынша, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көле­мінде трансферт тарту жоспарланған, соның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге. Қара­жат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфра­құрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыт­талатын болады.

– Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысан салу. Бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының міндеттеріне сай келеді, – деді А.Бейсенбекұлы. 

Бюджет шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40 пайыздан ас­та­мына тең. 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арнал­ған шығыстар 5,3 трлн теңге, халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге көзделген. Сонымен қатар бюджет қаражаты білім және денсаулық сақтау, экономика, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, спорт, туризм және мәдениет, көлік саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларды дамытуға бағытталады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды. Ол кепілдік берілген трансферт мөлшері 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ долларын, одан кейінгі жылдары барреліне 40,2-41,8 АҚШ долларын құрай­тын бюджеттік ережелерге сәйкес кесімді бағамен анықталатынын атап өтті.

– Осы ретте Ұлттық қордан бөлінетін қаражат­тардың мөлшерін қысқарту және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ дол­ларына дейін жеткізу мақсатын ескере отырып, Ұлт­тық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық қор параметрлерінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жаңа әлеуметтік бағдарламасы бойынша балаларға төлемдер міндеттемелері ескерілді, – деді А.Әмрин.