Әсіресе кәсіп ашып, өз күнімді өзім көрсем деп жүрген ауыл халқы үшін бұл жаңалық сүйіншідей естілді. Қазір ел сенімі ақталып, шаруалардың ісі оңалып, бағдарлама өз жемісін бере бастады.
Ауыл – елдің тірегі. Ауыл дамыса ел дамиды. Себебі ауылда тіршілік бар, береке бар. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Сондықтан да ауылды экономиканың сүйреуші күші деуге болады. Бүгінде сол ауылда отырып мал ұстаған шаруалардың арқасында Қазақстан ет пен астықты экспортқа еркін шығарып отыр. Дегенмен ауылға да қолдау керек. Әсіресе шаруалар үкіметтің қолдауына қашанда мұқтаж. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды.
Пайызы төмен несие – елге несібе
Бағдарламаның басты жемісі – халыққа берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие. Бұл несие ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру мақсатында беріледі. Несиені жеке кәсіп иелері жекелей де ала алады. Немесе бір ауылдың бірнеше тұрғыны бірігіп, ауылдық тұтынушылық кооперативін құру арқылы да алуға мүмкіндік бар.
– Бағдарламаға қатысушыға қойылатын талаптар да өте қарапайым. Біріншіден, ауыл тұрғыны болуы керек. Екіншіден кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы тиіс. Бағдарлама бойынша түскен әр өтінішті арнайы комиссия қарайды. Бағдарламаға жұмыссыздар, көп балалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар тұлғалар қатыса алады. Жұмыссыздар мен көп балалы отбасыларға, мүгедектерге басымдық беріледі, – дейді AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов.
БҚО-да жоба мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында 631 өтінім мақұлданған. Ал 347 адам 2,5 пайыздық несиені алған. Несие 5-7 жылға беріледі. Несиені алған соң оны игеруге деп 1-1,5 жылға каникул беріледі. Мұндағы мақсат – шаруашылықты енді қолға алған кәсіп иесіне аяққа тұрып кетуге уақыт беру. Сөйтіп, несиемен басталған шаруадан алғашқы несібесін көргенше мемлекет қолдау көрсетіп, жетелеп отырады. Биыл жалпы сомасы 2,2 миллиард теңгеге несие берілген. Несие алған кәсіпкерлердің көбі сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіруге ниет білдіріпті.
– Несие алғандар қатарында наубайхана, фастфуд жасап сататын дүңгіршек, сұлулық салоны, тігін цехына қажетті құрал-жабдық аламын деп өтінім бергендер де бар. Бұл өтініштерді комиссия қарап, бүгінде мақұлданды. Қазіргі уақытта қалған өтініштерді қарап жатырмыз. Ешбір өтініш қараусыз қалмайды, – дейді AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов.
Алғашқы өнімдер сатылымға шықты
Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – ішкі нарыққа қажетті азық-түлік өнімдерін шығару. Қазір қалада «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында дайындалған өнімдер сатылымға шыға бастады. Биылғы күздің алғашқы жемісін халық алып та үлгерді. Бұл туралы AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов толығырақ айтып берді.
– Шаруалардың өнімдері енді «ШыңғырлауАгро» ауылдық тұтынушылық кооперативінің дүңгіршегі арқылы сатыла бастады. Дүңгіршекте Қаратөбе ауданынан «Әдемі-Мөлдір» ауылдық тұтынушылық кооперативінің ұннан жасалған өнімдері, жартылай фабрикаттары, Теректі ауданынан «Каунаева» жеке кәсіпкерінің өсірген көкөністері, «Аманғалиев» жеке кәсіпкері бастаған құс фабрикасының жұмыртқалары, «Алимов» жеке кәсіпкерінің өсірген бройлері, Бәйтерек ауданынан «Буштер» шаруа қожалығының құлпынайы, Шыңғырлау ауданынан «ШыңғырлауАгро» ауылдық тұтынушылық кооперативінің тартылған еті және тағы да басқа өнімдер ұсынылған, – дейді ол.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниеттілер көп. Соның ішінде өте жоғары белсенділік танытқан аудандар бар. Атап айтсақ, Бәйтерек ауданы, Ақжайық ауданы және Сырым ауданының халқы жоғары белсенділік көрсеткен.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жуырда осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмысын жүргізіп тұрған жобалармен танысты. Сондай жобаның бірі Дариян ауылдық округінің тұрғыны Максим Буштердің бақша құлпынайлары. Кәсіпкер несие алып, жылыжай салып, көшеттер мен тоңазытқыш салып алыпты. Биыл жарты гектар жерге құлпынай, жарты гектар жерге таңқурай еккен. Бұл құлпынайлар қазір AQJAIYQ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкендерінде сатылуда.
Жобаның тағы бір мақсаты – халықты сапалы азық-түлікпен қамту әрі азық-түлікті төмен бағамен сату. Бүгінгідей қымбатшылық қысқан заманда нан, сүт, ет, жұмыртқа, май секілді күнделікті тұтынатын өнімдер арзан бағада сатылса, соның өзі – халыққа үлкен көмек.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы