2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жоба он жылға жуық уақыт ішінде танымал қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 200-ден астам кітаптың тұсаукесерін өткізді. Шығармашыл жандардың басын бір арнаға тоғыстырған қуатты алаңға айналды.
BAURZHAN қорының құрылтайшысы, кітап фестивалінің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, KitapFest – шығармашыл және дарынды адамдарға арналған бірегей алаң. Биыл қала күніне тұспа-тұс келген KitapFest Almaty фестивалінің тақырыбы «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлттық дәстүрлер» деп аталды. Келушілер үшін түрлі мәдени бағдарламалардан өзге, Досым Сәтбаев, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сарыбай, Смағұл Елубай, Абылай Юсупов, Әсел Сапақова және басқа да көптеген танымал тұлғамен кездесуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ фестиваль аясында «Менің алғашқы ертегілерім», «Как оседлать единорога?», Tarmaqtar және тағы басқа жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті. Алматы кітап фестивалі кітапсүйер қауым үшін ауқымды бағдарлама дайындаған екен. «Офлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмасты. Алматылықтарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқау мен акция, Қазақстанның ірі баспалары мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Баспагерлер мен кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30%-ға дейін жеңілдікпен сатты. KitapFest кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанованың сөзінше, биыл кітап фестивалінде 50-ден астам кітап дүкені мен баспа өз өнімдерін ұсынса, тағы бір қуанышты жаңалық – 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
– Кішігірім кітап алмасу ретінде өткен фестиваль қазір ауқымды шараға айналды. Фестивальдың басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, өзіміздің баспа үйлері мен жазушыларды қолдау. Жастардың қызығушылығы артып келеді. Қазір мұнда жастар сүйікті авторларынан қолтаңба алып жатыр. Бұл да фестивальдың жылдар бойы ұйымдастырылып келе жатқанының ықпалы. Фестиваль кітаптарды көрсету арқылы сол баспалар мен авторларға оқырманның назарын аудартады. Биыл Астана күніне орай елордада да осындай фестиваль ұйымдастырдық. Шынымен де, оқырман өте жылы қабылдады. Алматылықтардың бұл фестивальға еті үйреніп кетті. Әлеуметтік желілерде хаттар келіп жатады. Басқа өңірлерде де әдебиет, шығармашылық дамып жатыр. Біз сол өңірлердің де жас авторларына қолдау білдіріп, туындыларын көрсеткіміз келеді. Мұндай жоба ірі қалаларда ғана емес, өзге аймақтарда да ұйымдастырылуы керек-ақ. Мұны қолға алу үшін үлкен күш және қолдау қажет, – деді Майра Әлжанова.
Айтпақшы, осы фестивальда әртүрлі жанрдағы 5 000 кітап келушілерге тегін таратылды.
Ауқымды шараға келушілердің қатарынан белгілі жазушы Бейбіт Сарыбай ағамызды кездестірдік. Ол кітап фестиваліне жыл сайын келуді дәстүрге айналдырған екен. Бейбіт Сарыбай биылғы кітап фестиваліне арналған локация ұтымды таңдалғанын тілге тиек етті. Бейбіт ағадан шетел әдебиетінің қазақ тіліне аударылуы, қазақтілді кітаптардың аударма сапасы туралы пікірін сұрадық.
– Кітап фестиваліне жыл сайын келеміз. Мұндай фестивальдар бас қосуға жақсы бір себеп қой. Биылғы шараның ерекшелігі – арбатта өткені. Нағыз көрме, фестиваль өтетін жер арбат деп білемін. Бұл жерде жайшылықта да кісі үзілмейді. Жалпы, аударма саласында Дәурен Берікқажының еңбектерін ерекше атап өтер едім. Сонымен бірге «Мазмұндама» қоры дәл қазіргі кезеңдегі бестселлер кітаптарды оқырманға ұсынып отыр. Бұрын кітаптардың аударылуы жөнінде тапсырмаларды мемлекет белгілеп берсе, қазір әркімнің өз еркінде. Олар өздері жақсы көрген шығарманы емес, бүгінгі оқырманның сұранысымен санасып, қажет деп тапқан кітапты зерттеп барып ұсынып отыр. Сол жағынан ұтып отыр. Әрине, әлемдік классика міндетті түрде аударылуы тиіс. Қазір психологиялық, мотивациялық кітаптарға аса көңілім толмайды. 10 кітап аударылады десе, оның бесеуі – көркем шығарма, қалған бесеуі психология, мотивация жанрында. Бұл ұзаққа барады деп ойламаймын. Трендтен шыққан соң сұраныс төмендейді. Жер бетін топан су басып кетсе де, түбінде классикалық әдебиет қалады. Аударылып жатқан әдеби шығармаларға көңілім толады, – дейді фестиваль қонағы Бейбіт Сарыбай.
Дәстүр бойынша фестивальда «Ауылға кітап» акциясы өткізілді. Мұнда кез келген оқырман өз кітабын әкеліп, ауылдардағы кітапханаларға тапсыруға атсалысты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ