Қазақстанда ірі мұнай-газ химиясы жобаларына қатысатын қытайлық Sinopec корпорациясы бензинге сұраныстың төмендейтінін жариялады. Бензинмен жүретін көліктерді электромобильдер ауыстыратын болады.
№1 мұнай компаниясы бензинге сұраныс төмендейтінін мәлімдеді
1,439
оқылды

Электрлі көліктердің үлесінің жылдам өсуі дәстүрлі шикізатқа сұранысты азайтатын болады. NewAtlas сайты Қытайдың электрлі көліктерді өндіру қарқыны күшейгенін ескерген Sinopec компаниясының ішкі бензин сұранысы шарықтау шегіне жеткенін, енді төмендейтінін жариялағанын жазды. Aikyn.kz  мұның қандай жаһандық салдары болатынын талдайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Praetorian Photo

Қытай 20 жылдан астам уақыт бойы мұнай өнімдерінің ұдайы өсіп келе жатқан үлкен нарығы болды. Енді әлемдегі мұнай-газ химиясы саласында көшбасшылар қатарындағы қытайлық Sinopec компаниясы бензинге сұраныс ең жоғары деңгейге жетті, енді оның төмендеуі басталады деп жариялады. Жариялап қана қоймай, Қытайдың ішкі нарығында жанар-жағармайдың сатылу көлеміне қатысты өзінің бағалауын жаңартып, бұрынғы болжамдарын түзетуге мәжбүр болған.

Қытайлық нарықта жаңа автокөлік сатып алушылардың 37,8% электрлі көліктер мен гибридті көліктерді таңдайтын болған. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 30,0%, 2021 жылы 15,5%, ал 2020 жылы 5,4% ғана болған.

2022 жылы электрлі көліктерді сатып алуда әлемде көш бастап тұрған Норвегия (87,8%), Исландия (56,1%) және Швеция (56,1%) елдері. Қытай болса өзінің 1,4 млрд халқы бар алпауыт нарығында электрлі көліктерді барлық үш елді қоса алғанда 10 есе көп сатады. 

Фото Depositphotos агенттігінен алынды

Sinopec мұнай компаниясы сұраныстың төмендеуін көріп, оны қалпына келтіруге үміттің жоқ екенін түсінген. Алдыңғы есептеулер бойынша, бензин мен дизельге ең жоғары сұраныс 2025 жылы болады деп болжаған болатын.

Бірақ тамыз айында Чжэнчжоуда өткен конференцияда Bloomberg агенттігі Sinopec-тің бөлшек сауда бөлімшесінің қызметкері Чжоу Ян электрлік көліктер 2023 жылы қытайлық мұнай өнімдерінің 15 миллион тоннаға жуық сатылымын азайтып тастағанын айтқан. Осылайша, компания сұраныстың 2024 жылы және одан кейінгі жылдары төмендейтінін болжаған. 

Мына видеода электрлі көліктердің жұмыс істеу қағидалары көрсетіледі:

 

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтері бойынша, Қытай сұранысы 2023 жылы әлемдік мұнай нарығы  өсуінің 70%-дан астамын қамтамасыз етті. 

Мұнай өнімдерінің жаһандық сатылымы 2023 жылы тәулігіне шамамен 102,2 миллион баррельді құрап, рекордтық жоғары деңгейге жетті. Мамандар ендігі сараптамаларында мұнайға сұраныстың жаһандық максимумы 2030 жылға дейін болуы мүмкін екенін айтады.

Қытайдағы электрлі көліктерге күтпеген жерден қызығушылықтың артуы және әлемдегі мұнай-газ шикізатынан басқа жасыл энергия көздеріне алмасу үрдісінің күшеюі бұл күнді одан әрі жақындатуы мүмкін.