Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды жариялады.
Әділетті Қазақстанның негізгі міндеті – әр отбасының әл-ауқатын жақсарту
898
оқылды

Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жолдауда атап көрсетілгендей, азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Мемлекет басшысы жариялаған Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды көздейді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді деп күтілуде. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтардың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Сондай-ақ  әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі екендігі Жолдауда атап көрсетілді.

 Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатыны хақ.  Өскелең ұрпақ отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі тиіс. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан да мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән беруі қажет.  Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік секілді «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.

Президент Жолдауында елімізде жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасау қажеттігін  атап өтті.

Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етіп, жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керектігін баса айтты.  Сондай-ақ Жолдауда өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе болып отырғаны, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу міндеті қойылып отыр.

Президенттің бастамасы мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Биылғы Жолдауда Президент 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылады.

Жолдауда көрсетілгендей, реформаның басты мақсаты – экономиканың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуін қамтамасыз ету арқылы экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көреді. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл ауқымды әрі күрделі стратегиялық міндетті орындау өте маңызды.

Мемлекет басшысы бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құру, заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болу үшін біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек екендігін атап айтты. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдырса ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгертуге болатыны анық.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.

Президент Жолдауында  әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанның негізгі міндеті болып табылатынына айрықша мән берілген.

Ендеше, берекелі бірлікпен табанды еңбек ету арқылы туған елімізді көркейтіп, әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болуына қызмет етейік!

Жанар Орынбаева,
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің хатшысы,
«АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы
Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі
аймақтық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары

Саятхан САТЫЛҒАН