Қайғылы жағдай кеше Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында болды.
Шиеліде 2 бала газға уланып, көз жұмды
763
оқылды

Оқыс оқиға таңғы сағат 7-ден 15 минут өткенде Шиелі кенті  Н.Бекежанов көшесіндегі болған. Алдын ала болжам бойынша, аталмыш көшедегі жеке тұрғын үйде табиғи газдың салдарынан 2017 жылғы және 2020 жылы туған балалар уланып, қаза тапқаны анықталды. 

«Қайғылы хабар 11 қыркүйекте анықталды. Белгілі болғандай, табиғи газдан иіс тиіп, екі бала көз жұмды. Оқиға орнына  ТЖД жеке құрамнан 1 қызметкер жетті. Бірақ ол кезде бәрі кеш еді. Осы орайда, тұрғындарға газ пештері мен жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамын», – деді төтенше жағдайға орай өткен шұғыл брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбаев.

Осыған байланысты Шиелі аудандық ТЖД бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Жандос Мампаев қайғылы жағдайдың болғанын растады. 

«Шиелі ауданындағы №13 өрт сендіру бөлімінің байланыс бекетіне 2023 жылғы 11 қыркүйек күні таңғы 05 сағат 50 минутта хабарлама түсті. Онда Шиелі кенті  Н.Бекежанов көшесіндегі жеке тұрғын үйде табиғи газдан улану оқиғасы болғаны айтылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Б.Әбсаттаров жедел жетті. Сол жерде анықталғандай,  аталмыш мекенжайдың ауласында орналасқан уақытша тұрғын үйде (времянка) тұратын екі бүлдіршін газ исінен уланып қайтыс болған. Тексеру барысында жалғызбасты ана Қызылорда қаласынан қоныс аударып, 2023 жылдың шілде айынан бастап осы баспананы жалға алып, тұрып жатқаны мәлім болды. Қазір  аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарымен айналысып жатыр. Әзірге оқиғаның неден болғанын нақты айту мүмкін емес. Тергеу жұмыстарының нәтижесінен кейін белгілі болады», – деді аудандық ТЖД бөлімінің басшысы.

Ауданда болған қайғылы жағдайға орай аудан әкімдігінің де пікірін сұрадық. Аудан әкімінің баспасөз қызметі төтенше жағдайға байланысты тергеу-тексеру амалдарымен жергілікті полиция бөлімі айналысып жатқанын алға тартты. Ал әкімдік тарапынан, аудан халқына қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстары қолға алынғанын жеткізді.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев облыс тұрғындарын газды пайдалануда сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы