Өз кезегінде түйінді мәселелердің шешу жолдары «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясында талқыланды.
Кезекті басқосуға Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, бірқатар басқарма басшылары мен фракция мүшелері қатысты.
Жолдауда мемлекеттің экономикаға ықпалын барынша азайту үшін қажетті шаралар қабылдау керегі айтылды. Негізгі мақсат – кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасау. «Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін ауқымды бастамалар қажет», – деген Президент орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігіне мән берді. Осы орайда, фракция мүшелері бірқатар ұсынысын жеткізді.
– Өңірде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін жеңілдетілген несие берудің жолдарын оңтайландыру қажет. Бүгінде кәсіпкерлер үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жұмыс істейді. Бұл құзырлы орган халықтың бизнеспен айналысуы үшін барынша қолдау көрсетуде. Дегенмен «Ауыл аманаты» партиялық жобасына қатысушылар тарапынан шағым көп. Сондықтан фракция мүшелері ол шағымдар бойынша жұмыс істеп, мәселелерді шешуге мүдделі, – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Осы орайда, облыстық мәслихат депутаты Арман Еділбаев «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директорлар кеңесіне мүше ретінде партия фракциясынан бір азаматты қосу және өңірге медициналық сақтандыру қорын көбейту туралы ұсынысын жеткізді.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуы – ел сенімін нығайтады. Қазіргі таңда бағдарламада көрсетілген басымдықтарымыздың басым бөлігі орындалса, бірқатары іске асырылуда. Осыған орай, өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының денсаулық сақтау саласына қатысты 2023 жылға арналған көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың баяндамасы тыңдалды.
Халық денсаулығы – тұрақты даму кепілі екенін ескерсек, денсаулық саласында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Бірақ күн құрғатпай шешілуі тиіс мәселелер де баршылық. Алдымен біз маман тапшылығын жоюымыз қажет. Айлығы тұрақты болса да өңірде көп тұрақтамайтын мамандардың әлеуметтік жағдайын шешіп беру – жергілікті атқарушы органның негізгі міндеттері.
Жамбыл облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ақсап тұр. Себебі аймақта 272 мың тұрғын бұл жүйеге тіркелмеген. Сонымен қатар жедел жәрдем жұмысына да сын көп. Бұдан өзге, өңірде жылжымалы медициналық пункттердің қызметі көрінбейді.
Көтерілген бұл мәселелер бойынша басқосуда басқарма басшысына ұтымды ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ тиісті министрлікке де фракция тарапынан ұсыным хат жолданатын болып шешілді.
Фракция отырысында облыс әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың да баяндамасы тыңдалды. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында автомобиль жолдарын салу және оны күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оған халық куә. Дегенмен сапасы назарға алынуы қажет. Ол бойынша партиялық бақылау комиссиялары мен фракция мүшелері әрдайым зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы