«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, 1,5 млн-нан астам қазақстандықтың 90 күннен бері төленбеген несиесі бар және олардың саны күннен-күнге артып келеді.
Биыл 60 мың адам «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқудан өтеді
602
оқылды

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасының аясын кеңейту жөніндегі кеңесте жастардың қаржылық сауатын арттыру туралы сөз болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Halyk Bank-пен бірлесіп іске асырылып жатқан халықтың қаржылық сауатын арттыру жөніндегі «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағаны белгілі.  Енді «AMANAT» Үкіметпен бірлесіп, оны бүкіл ел аумағында кеңейту бойынша жұмысты бастады.

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, 1,5 млн-нан астам қазақстандықтың 90 күннен бері төленбеген несиесі бар және олардың саны күннен-күнге артып келеді.

«Студенттердің шамамен 80%-ның несиесі бар. Көбінесе олардың ата-аналары бізге оқуға келіп, балаларына материалдық жағынан көмектесуге тырысатындарын айтады. Біз студенттерге арналған 5 күндік оқу бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Ол міндетті пән емес, керісінше таңдау пәні болмақ. Біз несие бойынша берешегі бар, мерзімін кешіктіріп төлей алмай жүрген жастарды оқытуымыз керек», – деді ол.

Сондай-ақ  партия хатшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» қолданыстағы заңға түзетулер енгізу қажет екеніне назар аударды.

«Қазіргі таңда заң көптеген азаматтың банкрот деп танылуына жол бермейді, себебі талаптары өте қиын. Тіпті, банкрот деп танылсаңыз да, 5 жылға дейін несие алуға құқығыңыз жоқ. 10 мыңға жуық адам банкроттыққа арыз беріп, тек 377 адам банкрот деп танылды. Партия  бұл заңды қайта қарау керек деген ұстанымда», – деді ол.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қаржы қызметтері мен жаңа цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері оларды өзектендіруді талап ететінін атап өтті.

«Бұл бағытта Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде арттыру міндетін қойды. Осы жылдың сәуір айынан бастап барлық жоғары оқу орындарында «Қаржылық сауаттылық» курсы бойынша дәріс сабақтары өткізіледі. Дәрістер барысында осы бастаманың өзектілігі, атап айтқанда, студенттердің несие алуының көбеюі, жеке қаржыны басқару дағдыларының болмауы анықталды. Сондықтан біз осы пәнді білім беру бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдадық», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

«Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады.

«Қатысушылардың 61%-ы өздерінің артық төлемінің мөлшерін білмейтіні анықталды. Олардың көпшілігі несие шартының қай жерде екенін, оның шарттары қандай екенін білмейді, несиені қай банктен алғаны есінде болғанымен, бірақ қанша пайызбен алғанын да білмейді. Бұл әрине, көңіл көншітпейтін статистика. Сондықтан біз банктерден шарттардың көшірмелерін сұратып, құжаттарды қалпына келтіреміз және қатысушыларға басқа да заң көмегін көрсетеміз. Жобаға қатысушылардың 10%-ның 10-нан астам несиесі бар. Тіпті, Ақтөбе облысының бір тұрғынының 26 несиесі бар болып шықты. Ол осынша несиені онлайн рәсімдеген және банктер оның өтінішін мақұлдағанын өзі де түсінбеген», – деді ол.

Спикер қаржы мамандарының дәрістерінен басқа, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі берілетінін айтты. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқыту еліміздің сегіз өңірінде: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында жүргізіледі. Барлығы 42 мыңнан астам адам курстардан өтсе, оның 77%-ы – әйелдер, 23%-ы – ер адамдар. Жобаға қатысушылардың 17,1%-ы – жұмыссыздар, 11,8%-ы – кәсіпкерлер, 56,9%-ы  – көпбалалы отбасылар.

Айта кету керек, қатысушылардың 68%-ның несиесі бар, 49,4%-ның ай сайынғы төлем 100 мың теңгеге дейін, 15,6%-ның несиені төлей алмағанына 90 күннен асқан.

Өз кезегінде студенттердің құқықтары жөніндегі уәкіл Айсұлу Ерниязова жақын арада жоғары оқу орындары студенттері арасында сауаттылықты арттырумен өңірлік студенттік омбудсмендер айналысатынын айтты.

Сондай-ақ  кеңеске ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Narxoz университетінің өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 60 мыңға жуық адам оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Тыңдаушылардың жаңа тобына арналған сабақ биыл 29 мамырда басталады. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.