Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық, халықаралық білім, өнер сайыстарында жақсы жақтарынан көрініп, жүлделі орындарды бағындырып жүр.
Жетісулық өнертапқыштардың кезекті жеңісі
982
оқылды

Күні кеше Алматыда өткен робототехникадан «Әлемді біріктіреміз» атты республикалық олимпиадада облыс намысын қорғаған дарынды жеткіншектер тағы да биік тұғырдан көрініп, жеңімпаз атанды.

«Әлемді біріктіреміз» республикалық байқауының басты мақсаты – күнделікті өмірде адамдарға қамқорлық танытып, қызмет көрсететін роботтарды құрастыру. Зияткерлік мектептегі құрастырушылық қабілетімен дараланған оқушылардың жаттықтырушысы, информатика пәнінің мұғалімі Николай Авдюниннің жетекшілігімен оңтүстік астанадағы мәртебелі сынаққа қатысқан Талдықорғанның NIS командасы екі жобаны ұсынған еді. Жетісулық жасөспірім өнертапқыштардың қолынан шыққан екі жоба да  Future Innovators  аталымы бойынша үлкен және орта жас топтарында 1-орынды жеңіп алды.

Мектептегі 9-сынып оқушылары Диана Хасимова мен Илья Стасюков контейнерлерді сұрыптауға және қайта тиеуге арналған теңіз логистикалық терминалының прототипін жасапты.

– Сауда-саттықтың 80 пайызы мұхиттар арқылы жүзеге асырылады. Бірақ жүктерді жөнелту портына жеткізілетін барлық контейнерлерді ұзақ күтуге тур келеді. Сондықтан алдағы кезде теңіз терминалын теңіз сауда жолдарының қиылысында орнататын болсақ, контейнерлерді жеткізу жылдамдығы артар еді, – дейді Диана Хасимова.

Роботшылардың айтуынша, теңіз терминалында жасанды интеллект жүйесі орналасады. Нейрондық желі контейнерлердің таңбаларын анықтап, автоматтандырылған көтергіштің көмегімен тиеп, түсіре алады.

Диана мен Ильяның сыныптастары Ранона Жәлелқызы мен Карима Мақан «Өрмекші ана» жобасымен бақ сынаған болатын. Олар ойлап тауып, құрастырған  Spider Mom  – адам қолы жетпейтін жерлерге сымдарды өз бетінше төсеуге қабілетті робот.

– Біздің зерттеуіміз бойынша, елімізде 1 432 ауылдың 200 мыңнан астам тұрғыны әлі күнге интернет-инфрақұрылымынсыз қалып отыр. Цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімділік пен азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету аса қажет және кезек күттірмей шешілуге тиісті. Біздің туындымыз осы мақсаттағы жұмыстарды жеңілдетеді әрі жеделдетеді , – дейді жас өнертапқыштар.

Жоба авторларының айтуынша, робот жоғары жылдамдықты оптикалық кабельді бекітуге, тіректердің түрлерін, тіпті ауа райын болжауға да қабілетті. Айта кетейік, сайыста бірнеше бөлім бойынша роботтар жарыстырылды.  RoboSports аталымы бойынша талдықорғандықтар Раушан Асқар мен Еңлік Маман 3-орынды иеленді.

Олимпиада  RoboMission,  Future Innovators,  Future Engineers  санаттары бойынша өткізілді. Әр санатта жоғары балл жинаған жеңімпаз командалар 2023 жылғы 7-9 қарашада Панамада өтетін халықаралық додада ел намысын қорғайды. Ақтық кезеңде 90-нан астам елдің жас таланттары бақ сынайды деп жоспарланған.

Болат Абаған,
Жетісу облысы