Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс.
Президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялауды тапсырды
951
оқылды

Президент отандық бизнесмендермен кездесуде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратындарды сынады, – деп хабарлайды Ақорда.

"Сонымен қатар келесі жайтқа айрықша назар аудару керек. Кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді. 2015-2021 жылдары бизнесті мемлекеттік қолдау көлемі (7 трлн теңге) қолдауға ие болған компаниялардан түскен салық түсімдерінің сомасынан 1,5 есе асып түсті (4,5 трлн теңге). Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бизнесті ынталандыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер сәтсіз болды. Осыған байланысты Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, қолдау шараларына ие болғандардың бірыңғай ашық реестрін құру мәселесін пысықтау қажет.

Бұл бірыңғай ақпараттық жүйеде барлық мәлімет жинақталады.

Бұл кәсіпорындардың аз бөлігіне ғана қаржының шамадан тыс бөлінуін болдырмауға, сондай-ақ мемлекеттік көмектің тиімділігін объективті әрі жедел бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда қолдау шараларының тиімділігін төленген салық көлемін ұлғайту, жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу және өнімнің ел ішіндегі құндылығын арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту негізінде бағалау қажет.

Мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру және оның тиімділігін бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, шешім қабылдау процестерін автоматтандыруы қажет.

«Қорыта келе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қатысты мәселелерге арнайы тоқталғым келеді. Оның негізгі міндеті – бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтің негізгі өзегі болу. Палатаны трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Бас прокурор Берік Асылов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, «Риддер тау-кен шахта жабдығы зауыты» ЖШС құрылтайшысы Андрей Печенин, «Қайып ата» ЖШС бас директоры Сырым Ертаев,  Kazdream  IT холдингінің негізін қалаушы және басшысы Дәурен Төлебаев, Orient Finance Group  ЖШС акционері Руслан Шаекин сөз сөйледі.

фото: akorda.kz