Атырауға жұмысқа орналасуға келген БҚО тұрғынынан 1,5 мың доза есірткі тәркіленді.
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұсталған күдіктінің 29 жастағы Батыс Қазақстан облысының тұрғыны екені анықталған.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Атырау қаласының аумағында синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісімен айналысқан күдіктіні ұстады. Күдіктінің Батыс Қазақстан облысының 1994 жылғы тұрғыны екені анықталды. Тінту кезінде ақ түсті ұнтақ тәрізді 50 орама, мекенжайынан ақ түсті ұнтақ тәрізді 3 дана зип-пакет тәркіленді. Тексеру кезінде күдіктінің Атырау қаласына тамыз айында жұмысқа орналасуға келгені белгілі болды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 447,89 гр және 1 500 дозаны құрайтын синтетикалық есірткі екені дәлелденді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.