Ірі 17 ауыл бойынша олардың ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе шешуді қажет етеді.
Еліміздің бірнеше қаласы ауыл санатына ауысуы мүмкін
6,519
оқылды

Халық саны 10 мың адамнан аз қалалар ауыл санатына ауыстырылуы ықтимал. Мұндай ұсыныс Ашық НҚА порталында жарияланған «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» жазылған.

Құжатта әкімшілік-аумақтық заңнама талабына сәйкес келмейтін қалалардың мәртебесін өзгерту жұмысы кезең-кезеңімен іске асатыны баяндалған.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, мұндай қалаларға мыналар жатады:

- Степняк – Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы. Ондағы халық саны – 3 800 адам;

- Темір – Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты қала. Онда 2 100 адам тұрады;

- Жем – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан қала. Бұл шаһарда 1 500 тұрғын бар.

Ведомство аталған қалаларға елді мекен мәртебесін беруді ұсынғанымен, басқа 17 ірі ауылды керісінше шаһарға лайық деп танып отыр.

«Ірі 17 ауыл бойынша олардың ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе шешуді қажет етеді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында  –54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың тұрғын бар», – делінген тұжырымдаманың өзгеріс енгізілгелі отырған нұсқасында.