10 сағат бұрын өзінің Калифорниядағы мекенінде Apple жаңа өнімдерін таныстырды. BBC News жаңа iPhone 15 экранының алдыңғы модельдерден жарығырақ және камерасының жақсартылғанын жазды. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасай отырып, алмалы компаниясының жаңа өнімдерінің техникалық мүмкіндіктермен таныстырады.
Фото Macrumors сайтынан алынды. Авторы: Graphicalryan
Ең басты жаңалық Apple компаниясы ЕуроОдақтың талабынан кейін бұған дейін тек iPhone-да ғана қолданылып келген Lightning зарядтау портының орнына өз смартфондарында USB-C стандартын қолданатыны белгілі болды.
USB-C кабелі «жалпы қабылданған стандарт» ретінде барлық белгілі брендтердің телефондарын қуаттауда қолданылады. Енді USB-C кабелі Apple-дің ноутбуктері мен iPad құрылғыларымен қатар AirPods Pro және сымды EarPods жаңа нұсқаларымен де жұмыс істейді.
Технологиялық алпауыт жетілдірілген чипі бар жаңа Apple Watch сериясын да ұсынды. Дегенмен сарапшылар биыл Apple ерекше тақырыптық жаңартулар ұсынбағанын айтуда.
Бұл iPhone және Watch құрылғыларының қаншалықты жетілдірілгенін және жыл сайын революциялық технологиялар енгізудің қиындағанын көрсетеді. Бұл кемшілік Apple-мен бәсекелес басқа да өндірушілерге тән.
Фото Apple сайтынан алынды
Компания бұдан былай өз аксессуарларында былғарыны пайдаланбайтынын растады және 2030 жылға қарай көміртекті бейтарап бизнеске айналуға уәде берді. Apple компаниясының бас директоры Тим Кук жаңа iPhone 15 тізбегінде «ең жақсы, ең қабілетті iPhone» бар екенін айтты.
iPhone 15 және 15 Plus модельдерінде жарық экрандар мен жақсартылған камера жүйесі қойылса, жоғары сапалы iPhone 15 Pro және Pro Max енді титан жақтаумен жабдықталған.
Pro және Max құрылғыларында әртүрлі функцияларды орындау үшін теңшеуге болатын дыбысты өшіргіштің орнына «әрекет түймесі» бар. Жаңа Apple Watch-тың қимылмен басқару элементтері болады: құрылғы қолда киіліп тұрғанда екі саусақпен екі рет түрту пайдаланушыларға қоңырауға жауап беруге немесе аяқтауға мүмкіндік береді.
Фото Apple сайтынан алынды
Жаңа смартфондардың құны туралы. Америка мен Еуропада қарапайым IPhone 15 – 799 доллар (шамамен 369 000 теңге); IPhone 15 Plus – 899 доллар (шамамен 415 000 теңге); iPhone 15 Pro – 999 доллар (шамамен 463 000 теңге) болып белгіленген. Астана мен Алматыда бұл бағалар екі есе жоғары болуы әбден мүмкін.
Ал Ұлыбританияда iPhone 15 Pro 1250 доллардан басталады. Алайда сарапшылар еуропалықтар үшін өмір сүру құнының өсуі пайдаланушылардың жаңа құрылғыларды сатып алуына кедергі болатынын ескертуде.
iPhone 15 және басқа да Apple-дің жаңа өнімдерін мына видеодан көруге болады:
Өткен аптада Aikyn.kz Қытай үкіметі шенеуніктерге iPhone телефондарын пайдалануға тыйым салғанын, осыдан кейін Apple-дің акциялары 200 млрд доллар жоғалтқанын жазды. Бұл да компания үшін жаңа өнімдерін таныстыруға дейін арнайы ұйымдастырылған әрекет сияқты көрінді.
Дәл осы кезде Huawei компаниясының Қытайда смартфондарының жаңа сериясын шығаруы инвесторлардың алаңдаушылығын күшейтіп жіберді. Әлемдегі смартфондар нарығында да жағдай күрделі.
2023 жылдың екінші тоқсанында әлемдік смартфондар нарығы 294,5 миллион телефоннан 268 миллионға дейін төмендеген. Бірақ бұл құлдырау кезінде Apple компаниясы аз шығын шекті: оның өнімдері 46,5 миллион телефоннан 45,3 миллионға дейін ғана кеміген.