Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының депутаттары педофилдерді химиялық кастрациялау жазасын қолданып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды ұсынды.
«АМАNАТ»: Депутаттар педофилді химиялық кастрациялап, өмір бойына бас бостандығынан айыруды ұсынды
1,930
оқылды

Фракция атынан Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. 

Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» деп нақты айтты.

Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы, қоғам үшін үлкен дабыл.

Президенттің бұл позициясын «АМАNАТ» фракциясы толығымен қолдайды. Және аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз.

Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда. 

Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ!  Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр. 

Халықтың ниеті мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан, біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз.

Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика! 

Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен.

Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді.

Мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді.

Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен!

Мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады. 

Сондай-ақ, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп.

Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі араша түспеген.

Кеше ғана Алматы қаласында 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы керек. Бұл – аксиома. Осындай педофилдерге химиялық кастрациялау жазасын қолданып, өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынамын.

Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің фракция заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдататынын жеткіземіз.

Дегенмен, Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын-ала жасалатын жұмыстар бар. 

Нақты айтқанда:

1. Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс.

2. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды.

3. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет.