Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындары «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына қоғамдық көлік мәселесін шешіп беру туралы өтініш білдірген болатын.
Таразда бағыты жабылып қалған №17 автобус қайта қатынайтын болды
950
оқылды

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындары «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына қоғамдық көлік мәселесін шешіп беру туралы өтініш білдірген болатын.

Айта кетейік, апта басында аталған комиссия мүшелері ықшамауданға салынып жатқан жол жөндеу барысына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Аманаттықтардың кезекті шарасы барысында «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындары атынан Назерке Қосыбақ есімді азаматша қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, шешіп беруді өтінген. Тұрғынның өтінішін ескерген партиялық бақылау комиссиясының мүшелері шаһардың қоғамдық көлік қатынасына жауапты «Әулиеата Транс-Пасс» ЖШС-нің басшылығына шығып, мәселені оң шешу туралы ұсыныстарын білдірген еді.

Аталған серіктестіктің басшысы Рашид Пірманов аманаттықтардың ұсынысын назарға алып, бағыты жабылып қалған №17 автобусты қайта іске қосып отыр. Күні кеше ғана бағытқа қайта қосылған автобустар шаһардағы Төле би даңғылы арқылы бірнеше ықшамаудандар арқылы «Ұлы дала» ықшамауданына дейін барады. Бұл аралықта бірнеше әлеуметтік нысандар мен орта, жоғары оқу орындары орналасқан. Сондықтан Ұлы далалықтар үшін қоғамдық көліктің бағыты да тиімді болып отыр.

– Жаңадан бой көтеріп жатқан бұл ықшамауданда халық саны күн санап өсіп келеді. Әрі олардың тарапынан проблемалар жиі көтерілетін. Соның бірі қоғамдық көлік және жол мәселесі. Расында, мұнда ең қажеттісі қоғамдық көлік. Аталған мәселемен «Әулиеата Транс-Пасс» ЖШС-не шығып, тез арада шешу туралы ұсыныс білдірген едік. Енді, міне, көп ұзамай №17 бағыттағы автобус өз жұмысын бастады, – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алпамыс Қазыбаев.

Қазір ондағы халық аманаттықтардың араласуымен мәселелерінің оң шешілгеніне дән риза. Бүгінде 8 автобус жүріп жатса, олардың  жүру жиілігі 20-40 минут. Қазан айында тағы қосымша қоғамдық көліктер қатарға қосылып, жүру жиілігінің уақыты қысқармақ.

Тілге тиек ете кетерлік жайт, бұған дейін Ұлы дала ықшамауданынан 3 кіші автобус қатынайтын. Тұрғындардан түрлі шағым түсіп, ішіне симай қалған, лық толы видеолары келетін. Енді шағынаудан халқы №17-ші қоғамдық көліктің бағытына қуанышты.