Батысқазақстандық Руслан Юсупов Польшаның Гданьск қаласында өткен EuroSkills-2023 чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол Орал ақпараттық технологиялар колледжінің түлегі.
ІТ байқауда жүлдегер атанды
602
оқылды

Руслан Юсупов «Уеб технология» бағыты бойынша қатысқан. Жарыста әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас маман бақ сынаған.

EuroSkills Gdańsk 2023 VIII еуро­палық чемпионатының үш конкурс­тық күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мү­ше­лері бір күміс және бір қола медаль иеленіп отыр. 

– Бұл жарыс кезінде бізге уеб-сайт және жасанды интеллектіге арналған уеб-бағдарлама құрастыруды тапсыр­ды. Талап бойынша уеб-сайт жоғары IT компаниялар ойлап тапқан уеб-бағ­дарламалар жасағандай сапалы болуы қажет.  Біз бес модуль жасап шығардық. Жарыс үш күнге созылды. Бұл үш күн біз үшін кәдімгідей стреске толы күн­дер болды, – дейді жүлдегер.

Орал ақпараттық технологиялар колледжінің қабырғасында білім алған Руслан ұстаздары берген білімнің ақталғанына қуанышты. Колледж директоры Елдос Сафуллин колледж қабырғасында білім алушыларға барлық жағдай жасалғанын айтып өтті. 

– Біздің колледжде 500-ден астам сту­дент білім алады. Оқу орны заман­ауи құралдармен қамтамасыз етілген. Соның ішінде IT бағытта білім алатын студенттер үшін барлық жағдай жасал­ған. Біздің студентіміздің халықаралық додада жүлделі орын алғаны қуантады. Студенттеріміздің жетістігіне әрқашан қуаныштымыз, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан үшін бұл – еуропалық чемпионаттағы үшінші медаль. 2021 жылы Павлодар кол­леджі­нің түлегі Дина Афанасьева «Уеб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша үшінші орынға ие болған еді. 

Биыл жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өт­кен еді. Қазақстандықтар 25 құзы­реттілік бойынша сынға түсті.