Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігін жан-тәнімен сезінетін, мамандығын мақтаныш көріп, қай кезде де қатарының алдынан көрініп, басқаларға үлгі болып жүретін кеденшілер аз емес. Солардың бірі – осы кеден бекетінде бас маман болып қызмет істейтін Олжас Атыханов.
Әке көрген оқ жонар...
2,124
оқылды

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Осынау тағы­лымды тәм­сілдің ақиқат­тығына өмірде сан мәрте көз жет­кіздік, әкенің ісін абыроймен жалғастырған­дарды, ананың ісін өнеге тұтқандарды да көрдік. Тұтас от­басымен бір саланың жұмысын өрге сүй­реп, қыз­меттерінде үлкен жетістіктерге жеткен­дердің жан сүйсінтер үлгісіне сүйсіне де білдік. 

Кез-келген бала өзінің ата-анасына қарап бой түзеп, ұяда не көрсе, ұшқанда соны үлгі етуі өмірдің заңдылығы. Сон­дықтан да есейе келе, ата-анасының жо­лын жалғастыратын  ізбасарлар арамызда баршы­лық.  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жетісу облысы бо­йынша мемлекеттік кірістер департаменті «Ал­тын­көл-жол» кеден бекетінде бас маман болып қыз­мет істейтін Олжас Қамбарұлын да сол әке жолын абыроймен жалғастырған  ізбасар десек, артық айтқандық бола қоймас. Өйткені оның әкесі Қамбар Смайлов кеден органында 16 жыл абыроймен еңбек етіп, қызмет барысында елеулі жетістіктерге  қол жеткізген білікті  кеден­шілер қатарынан. Атап айтсақ, жұмысқа  лейтенант дәреже­сімен қабыл­данып,  кеден қызметінің ма­йоры, қатардағы 

ин­спек­тордан бөлім­нің, Астана қалалық кедендік бақы­лау департаменті контра­бандаға қарсы күрес басқармасының, Жамбыл облыстық кедендік бақылау департаментінде ке­ден­дік ресімдеу орта­лығының басшысы  сияқты лауазымды қызметтерді абы­рой­мен  атқарды. Қызмет барысында елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізгені үшін бірне­ше мәрте ведомстволық марапаттарға да ие болды. Маман­дыққа деген адалдығы, міндетке деген жауапкершілігі  арқылы артынан ерген балаларына үлгілі әке, өнегелі отағасы ретінде өзінің биік те, беделді азаматтық бейнесін қалыптастыра білді. Соның әсері болар, ортаншы бала­сы Олжас  2017 жылы Қазақ-аме­рикан университетінің заң факультетін ойда­ғыдай аяқтағаннан кейін еңбек жолын «Алтын­көл-жол» кеден бекетінен бас­тады. 

«Аталмыш салада қызмет істеген алты жылға жуық уақыт ішінде Олжас өзін тек жақсы жақ­тары­нан ғана көрсетіп келеді. Қазіргі кезде ол қызмет ететін импортты тауарларды кедендік ресімдеу учаскесі кеден бекетінің негізгі де жауапты жұмыс орны болып табылады. Себебі елімізге импорт­талатын тауарлар­ды кедендік тазартудан өткізу арқылы республикалық бюджетті кедендік тө­лем­дер мен салықтардан түсетін қаражат арқылы тол­тыру үлкен жауапкершілік пен кәсіби шебер­лікті талап етеді.  Соған сай,  аталмыш учаскенің әрбір қызмет­кері бірыңғай кедендік тарифтік ставкаларды, тауардың сыртқы экономикалық номен­кла­турасын, тарифтік емес реттеу жүйе­сін(әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойыл­ған тауарлардың тізбесін), интеллектуалдық меншік обьектілерін қор­­ғауға  байланысты  мәліметтерді және IT техно­логияға негізделген ақпараттық жүйені жақсы біле­тін бесаспап маман болуы қажет. Осы орайда Олжас әріп­тесі­міз жас болса да қысқа мерзім ішінде өз ісін жетік білетін білікті мамандарымыз­дың қата­рына қосылды. Атап айтсақ, үс­ті­міздегі жылдың сегіз айының қоры­тын­дысы бойынша аталмыш учаске қыз­меткерлері республикалық бюджетке 100 мил­лиард 500 миллион теңгеден астам кедендік төлем­дер мен салықтар өндіріп, жоспарлы тапсырманы 116 пайызға орындауға қол жеткізді. Бұған Олжас әріптесіміздің де қосқан үлесі баршы­лық», – дейді Жетісу облысы бо­йын­ша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті бас­шысы­ның орынбасары Бекен Нұрахметов.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы