Өнерді дамытуға жанкештілік керек – Біржан Байтуов

Еліміздегі алғашқы дәстүрлі өнер мектебі осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласынан ашылған. Оның негізін қалаған – белгілі айтыскер ақын Біржан Байтуов.

Осынау Қаратау дәстүрлі өнер мектебін басқарып отырған, ақындығы мен қайраткерлікті қоса атқарып жүрген айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Ғаниұлын әңгімеге тартқанбыз. 

Әншілер көп болуы мүмкін, бірақ ұстаз жоқ

– Республикада баламасы жоқ дәстүрлі өнер мектебін ашуға не түрткі болды? Ой­ластырылған жоба нәтижесін берді ме? 

– Иә, өңірлерде негізінен классикалық бағыттағы мектептер көптеп кездеседі, бірақ ұлттық өнерді дәріптейтін дәстүрлі мектеп еш жерде жоқ. Идеяның өзі содан туған ғой. Неге ұлттық өнерді дамытпасқа деген ой жылдар бойы санамда жүрді. Кейін оның жоба-жоспарын ойда әбден пісіріп, бұрынғы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлына жеткіздік. Ұсынысымызды қолдап, ұлттық өнер мектебінің ашылуына барынша қолдау көрсетті. Жаңа ғимаратты толықтай өнер мектебіне лайықтап тұрғызып берді. Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның да үлесі көп болды деп айта аламын. Қалалық білім бөліміне қарасты толықтай мемлекет меншігіндегі өнер мектебі алғашқы жылы 660 балаға арналып салынды. Дәл елде ахуал қиындап, каран­тин болып жатқан кез. Тура сол уақытта ашылды. Бірақ әр балаға жеке кабинеттен жасақталғандықтан барлық санитарлық талаптарды орындай отырып, жұмыс істеуге рұқсат алдық. Сондай қиындық­тарды еңсеру оңай болған жоқ. Мұндай мектептің еш жерде үлгісі жоқ, жоспары түзілмеген. Барлығын нөлден бастауға тура келді. Концепциясын жазып, жоспарын түздік, оқу құралдарын жинақтап, оқу бағдарламасын жасақтадық. Бабалардың дәстүрлі өнерін балаларға үйретсек, да­­мыт­сақ деген идеяны осы­лай жүйе­ледік. Пан­­демияға қа­­­­рамастан жыл соңына дейін жоспардағы жүктемеміз бойынша тиісті 660 баланы толтырдық. Содан келушілер кө­бейе бас­тады. «Ұлт­тық өне­рге қы­зы­­ғушы­лық та­нытып тұр­­­­­­ған бала­лар болса неге шек­­теуіміз ке­рек?» де­ген оймен ба­ла санын 800-ден асырдық. Бі­­­­­­рақ біз мін­­­детті бі­лім беру ұйы­мына ен­­бейміз. Сондықтан келушілердің қатары өзгеріп тұрады. Шүкір, қазір бәрі жүйе­ленді. Биылғы оқу жылы енді басталды. Қызығушылық таны­тып жатқандар көп. Алайда орналас­қан жеріміз – қаланың орталығы. Бізге қала­ның шеткі аудан­дарынан жиі келеді. Тіпті, Шымкент қа­ласына жақын орналасқан Шұбар, Бадам ауылынан, Төлеби, Қазы­ғұрт ауданының Тұрбат ауылынан келетін балалар да бар. Оларды сонша шақырым жерге өнерге деген махаббат жетелеп алып келеді. Біз Шымкент қаласының білім бөліміне қа­раймыз, көршілес облысқа есігімізді жа­уып отырмаймыз. Өнерді сүйетіндерге әрдайым есігіміз ашық. 

– Жалпы, өнер мектебінің Қаратау ата­луының сырын түсіндіріп берсеңіз... Бай­қауы­мызша, мұнда сыныптардың басым бөлі­­гінің атауы бар екен. Тіпті, бірнеше дом­быра сыныбы болса, оның әрқайсысының атауы бар...

– Зерттеушілер қазақ даласында 5 мек­теп бар дейді. Батыс мектебі, Сыр мектебі сияқты аттармен танылған мектептер. Қаратау да сол сияқты қалыптасқан мың­жылдық мектеп. Мәселен, Сыр мектебінен Нартайлар шықса, Батыс мектебінен Сүгір, Арқадан Біржан сал және т.б. Қа­ратау мектебінен шыққандар арғысы Ясауиден басталып, бергісі Майлықожа, Әселхан апаларымызбен жалғасып кетеді. Сондықтан ұлттық код дейміз бе, бұл солай тарихи атауды жаңғырту аясында қойылған. Екіншіден, жалпы дәстүрлі өнер тек ән, айтыс емес, 5 бағытта қалып­тасқан. Олар – әншілік өнер, дәстүрлі жыр-терме, жыршылық, күйшілік өнер. Жалпы, бізде 30-ға жуық ұлттық аспап болған. Мектепке 20 шақты ұлттық ас­папты әкеп қойдық. 

Қазір мұнда өнердің 18 түрінен сабақ беріліп жатыр. Құрманғазы, Дина атын­дағы жеке-жеке домбыра сыныптары, Кенен Әзірбаев атындағы ән сабағы, Майлықожа атындағы айтыс сыныбы, Шәмші атындағы ән сабағы бар. Қазақтың өнер майталмандарының есімі ұмытылып кетпесін деген мақсатта осылай атау бердік. Дәстүрлі ән сыныбына да сұраныс көп. Сүгір атындағы шертпе күй сыны­бында Сүгір атаның шөбересі сабақ береді. Қала мектептері арасында Сүгір атындағы байқау ұйымдастырып тұрады. Қобыз сыныбы, би сыныбы да балалар қы­зығатын ортаның бірі. Айтыс сы­ны­бында балалардың сөздік қорын кеңей­ту, айтыс мақамы үйретіледі. Одан кейін қалаға келген зиялы қауым өкілімен кездесу ұйымдастырамыз. Мұндай кездесулер оқушыларымыздың шабытын оятады. 

Иә, өнерді дамытуға жанкештілік керек. Кенжебай шал деген ұстаз бар. Дәстүрлі әннен сабақ береді. Ол – оң­түстіктегі дәстүрлі әннен сабақ бере ала­тын жалғыз мықты ұстаз. Жәнібек Кәрме­новтың шәкірттерінің бірі. Сол кісі сонау Созақтан келіп, аптасына екі күн сабақ береді. Бір күн келіп қонып, ертесіне түске дейін тағы сабағын өтіп қайтады. Ойлаңыз­шы, айлығы – бар-жоғы 80 мың теңгенің жобасы. Ауылында да жұмысы бар, бірақ өнер үшін келіп жүр. Біз де қолқа салып айттық. «Сіз Созақтың балаларын ғана үйретесіз бе, өнерді сүйетін шымкенттік балаларды да үйретіңіз» дедік. Қазір Оң­түстіктен шыққан дәстүрлі әндегі мықты жігіттердің барлығы – Кенжекеңнің шә­кірт­тері. Әншілер көп болуы мүмкін, бірақ ұстаз жоқ. Өте мықты әнші болуы мүмкін, бірақ ол ұстаз бола алмайды. Сондықтан біз ол кісіні өнер үшін барлық жағдайын жасап, арнайы шақырдық. Жасы 60-тан асса да, өнер үшін деп келіп жүр. Міне, осындай жанкештілікпен жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесі де жаман емес.

Дәстүр сабақтастығының үзіліп қалмауына үлес қосып келеді 

– Өнер сыныптарынан бөлек, ұлттық бағытта дәріс оқылатын шеберлік сабақтар­ды да байқап қалдық... 

– Жоғарыда айтып өткендей, жанкеш­тілікпен жұмыс істейтін жанның бі­рі – «Шамшырақ» қолөнер сыныбының ше­бері Перизат Саидова. Ол – өз әжесінен мұра болып қалған киіз үйді, оның толық жабдығымен, басқа да ұлттық қолөнер бұйымдарын осында әкеліп құрып, оны балаларға таныстырып, дәстүрлі бұйым­дарымыздың өшіп кетпеуіне өлшеусіз үлесін қосып жүрген бірден-бір маман. 

Дәстүр сабақтастығының үзіліп қал­мауы үшін «Шамшырақ» кабинетін жабдықтап, байырғы қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан қолөнері – кесте тігу, түкті кілем, алаша секілді түрлі фор­мат­та киізбен, жүнмен жұмыс істеуді бала­ларға үйрету қолға алынған. Тігістің бірнеше түрі де бар. Әсіресе, бізбен тігу, тоқы­маны жібектен тоқу дәстүрі де мүлдем ескерусіз қалған. Қалада жібекпен тоқуды білетін жалғыз 80-ге келген Бибіфатима деген апамыз бар екен. Шеберіміз Перизат Жанғазықызын сонда 1-2 ай оқуға жіберіп үйретіп алдық. Былай қарасаңыз, ол кісі­лер өмірден өтсе, бір буынмен бір өнеріміз жойылғалы тұр екен. Бізде қазақтың ең құнды дүниелері қолданыстан шығып, тек экзотика үшін көрмеге айналып қалды. Өзіміз де қолдан жасалған дүниені пай­даланбайтын болдық. «Шамшырақ» қол­өнер сыныбына келгендер алдымен киіз үйдегі алаша, сырмақ, басқұр, желбау сынды дүниелермен танысады. Қайсы­сының қай жерде тұратынын, олардың алатын орнының маңызын үйренеді. Онда келі-келсап, иінағаш та бар. Жалпы, Перизаттың нағашы әжесі Балсұлу Бола­това он саусағынан өнер тамған шебер болған екен. Жасаған дүниесі ұмыт қалып кетеді деп немересіне тапсырыпты. Пери­заттың өзі де көнеден қалған ұлттық дәс­түрімізге тән ескі дүниелерді жинаумен айналысады. «Шамшырақта» қолөнер бұйымдарын үйретумен қатар, сурет салу сабағы да болады. 

Одан кейін «Зере» және «Толағай» дейтін сыныптарымыз бар. Еш жерде үл­гісі жоқ бұл сыныптардың алар орны ерек­ше. Қазір әке-шешенің барлығы жұмыста. Балаға тұрмыстық қажетті­лік­терді үйретіп отыруға мұршалары жоқ. Бала сабақтан келеді де, үйде смартфонға үңіліп отырады. Бұл ащы болса да, әр үйдегі күрделі проблема болып тұр. Бала білім алсын деп оқуына көбірек көңіл бөлеміз ғой. Бірақ өмір тек біліммен ғана шектелмейді. Адам тұрмыстық қажеттіліктерге де икемделу керек. Әсіресе, қыз бала тамақ пісіріп, қонақ күтуді меңгеруге тиіс қой. Қазір қа­рындастарымыз киім үтіктей алмайды, киімі сөгіліп кетсе тіге алмайды. Біз осы олқылықтардың орнын толтыру үшін «Зе­ре» сыныбын аштық. Шүкір, қамыр илеп, бауырсақ та пісіреді, тіпті былтыр демеуші тауып қысқа сақтайтын 100 банка жаптыр­дық. Дәл сол сияқты ұл балаға арнал­ған «Толағай» деген сынып бар. Мұнда ер жігіттеріміз асық ойнап, садақ атады. Был­ғарыдан түрлі бұйым жасайды. Қамшы істейді. Ұл бала қолға су құю, аман­­дасу, жі­лікті қалай атауды, ат әбзел­дерін білуге тиіс. 

Өнер үйренемін дегенге есік ашық 

– Өзіңіз талай жүлдені қанжығаға бай­лаған елге танымал суырыпсалма ақын­сыз. Жасыңыз да әбден бабында тұрған ақындық кезеңде. Қайраткерлігіңіз, яғни мемлекеттік жұмыс сіздің өз деңгейіңізде шабуыңызға қол­байлау болған жоқ па? Жалпы, өзіңіз басқарып отырған өнер мектебіне белгілі ақын­­дығыңыздан титтей болса да үлес бар ма? 

– Жасырмаймын, әрине әсер етті. Ал­ғашқы жылдары шақырған айтыстың еш­қайсысына бара алмадым. Себебі осынша дүниені тапсырған соң үлкен жауап­кер­шілік жүктеліп отырғанын сезіндім. Оның үстіне идея авторы – өзім. 4-5 жыл бойы осындай мектеп ашсақ деп көкейі­мізде әбден пісіп жүрген жан дүнием қалаған жұмыс. Оған енді қол жеткізгенде өзім бұрын-соңды мектепте істеп көрме­генмін, әрбір бөлшегіне дейін жаңадан құраған­дықтан әр минутымыз алтыннан қымбат болды. Мен мұны жұмыс деп емес, махаб­батпен істеймін. Біреулер 9-да келіп, 6-да қайтуға асықса, мен мұнда қонуға де пейіл­­­мін. Алғашқы жылдары қиын болды. Қона жатып істедік. Талай кедергілерді жойдық. Қазір шүкір, қалыпқа түсті. Ма­хаб­батпен жұмыс істейтін мамандардың арқасында жұмысты жүйелеп алдық. Қыз­меткерлерге де «Басшыдан, талаптан қор­қып істе­меңіздер, жаныңыздың қа­лауы­­­­мен істеңіз­дер» деп айтып оты­рамын. Себе­бі дәл бұл жер тек ұлтқа жаны ашып, ұлттық дәстүрді дәріптеуді мақсат ететін­дерге арналған жанкештілікті талап ететін жұмыс. 

Бар ықылас-пейілімізді аударып жұ­мыс істегендіктен, жоғарыда айтқандай, Шымкент қаласына келген зиялы қауым­ды қалт жібермей, балалармен кездесу ұйымдастырып жүрміз. Айтыс сыныбына өзге де танымал айтыс ақындары сабақ береді. Іс-шараны жиі ұйымдастырамыз, күн сайын өтеді десем де артық емес. Оның барлығына да мемлекет қолдау көрсете алмайды, жиған абырой-атағы­мызбен талай азаматтардың алдына кіріп, демеуші тартып келемін. 

Одан бөлек, үлкендер арасында өтетін «Алтын домбыра» байқауының жастар арасындағы түрі «Күміс домбыра» бай­қауын тұрақты түрде өткізіп тұруды қолға алғанбыз. Бұл елімізде қызу пікірталас тудырған, ақындық қабілеті бар респуб­лика жастарын елең еткізген керемет авторлық жобамыз болды. Айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау аясында осыдан екі жыл бұрын бастаған жобамыз бүгінде әжептеуір нәтижесін беріп, сұранысты арттырып тұр. Сонымен бірге «Алтын қалам» байқауының қалам ұстаған жастар арасындағы респуб­ликалық поэтикалық «Күміс қалам» сайы­сын өткізу де дәстүрге айналды. Мұнда өлеңнің әдемі болуымен қатар, оны на­қышына келтіре жеткізу, сахна мәде­ниеті сияқты өнерпаздың қырлары еске­ріледі. Сонымен бірге қарсыласың оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі өзіңнің шығармаңмен жауап беруің керек. Байқау осындай ережелері арқылы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін ашады. 

Сондай-ақ мұнда «Қаратау фильмі» киностудиясының ашылғанын мақта­нышпен айтқым келіп тұр. Мұнда баланың тілін дамыту бойынша актерлік сынып бар. Ол жерде сахна тілі деген бар. Сахна тілі деген баланың дұрыс сөйлеуіне, сах­нада өзін ұстауы сияқты дүниелерді де үйретеді. Актерлік сыныпта балалардың ата-анасына өтініш жасап, кастинг жасап кино түсірдік. Содан YouTube әлеуметтік желісіне салғанымызда 200 мың қаралым жинады. Демек, балалар фильміне сұраныс бар деген сөз. Осыдан кейін кино түсіру қолымыздан келеді екен деп кірісіп кеттік. Ғабит есімді өзі режиссер әрі ұстаз ағайы­мыз бар. Жалпы, балалар киносы өте ке­рек. Өзіңіз ойлаңызшы, кішкене ғана бір мектептің түсірген киносы 200 мың қара­лым жинап отыр. Ата-аналар да бала­ла­рын актерлік шеберлік сыныпқа беруге құм­был. Қазіргі балалар да киноға түсуге қы­зығады. Заманның талабы солай шығар. Ұрпақ үшін, балалар үшін деп жан-жақты жұмысты тоқтатпай ұйымдастырып отыр­мыз. Қазіргі балалардың сұранысы не, соған қарай ұлттық дәстүрімізді үйлестіре отырып, атқарып жатырмыз. Алда да жоспарлар көп. 

– Мұндай дәстүрлі өнер мектептері еш­қандай өңірде жоқ деп қалдыңыз. Жалпы, қызығушылық танытып, сұрап жатқандар бар ма?

– Жыршылар мен айтыс ақындарының құрылтайы өткенде осы мәселені қозға­дық. Неге әр облыс орталығында дәстүрлі өнерді дәріптейтін өнер мектебі болмасқа?! Егер жаңадан салуға жағдайы келмейтін облыстар болса, бұрынғы музыкалық мек­­тепті қайта жасақтап, реттеуге болады ғой деген ойларды ортаға салдық. Тек қайта бейімдеу керек. «AMANAT» партия­сы­ның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібекке осы идеяны айттық. Дәулет Жамаубайұлы бізді қолдап, тиісті министрлікке ұсыныс жасайтын болды. Ал өткен оқу жылының соңында қызылордалық Мамыр Байдаулет есімді кайраткер ұстаз арнайы келіп, мектепті көріп, жоба-сызбасын алып кетті. Облыс әкіміне ұсынатынын айтты. Семейден хабарласты, жаңа облыс құрыл­ды, біздің де осындай мектеп ашқымыз келеді деді. Оларға да жобамызды түгелдей бердік. Петропавлда қазақтың өлмеуіне үлес қосып жүрген Жарқын Жұпархан есімді қайраткер жігіт бар, ол да арнайы делегациямен келем деп отыр. Біз осылай­ша көптеген азаматтардың мектеп ашуға бастама көтеруіне түрткі болып жатырмыз. Болашақта барлық өңірде ашылып жатса, Қаратаудың үлесі бар деп айта аламын. Алғашқы болып ашылды, алғашқы жүгін көтердік, жолға қойдық, бізге ешкім үйреткен жоқ. Республикада қозғалыс бар. 

Алайда бір ғана кемшілік бар. Бұл мектеп Шымкент қаласында біреу ғана, ол барлығына жетпейді. Қала шетінен келгісі келетіндер көп. Бірақ жолдың шалғайлығы, бірнеше бағыт ауыстыратыны қолбайлау болып тұр. Сондықтан мұндай өнер мектептерінің көбейгені игі. Тіпті, жеке мектептердің өзі бізбен жұмыс істегісі кеп жатыр. 200 баланы берсек деп отыр. Келісім бар. «Өнер-білім бар жұрттар» дегендей, үйренем деген баланың бетін қақпаймыз! 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы