Кейін Ыбырайдың ізбасары – Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап» деп нақтылап кеткен болатын. Бір қызығы, Астанада Алматыкітап баспасының «Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйінің» ашылуы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келді.
Іс-шараға елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Тимур Чудров, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева, балалар жазушысы Зәуре Төрехан және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жазушылар, ғалымдар жиналды. Заманауи кітап дүкенінің қабырғасы Алматыкітап баспасы Директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталованың бастамасымен қаланды. Нысан Астана қаласының сол жағалауында, ЭКСПО-2017 кешені мен «Нұр Астана» мешітінің ортасында орналасқан.
Елорданың рухани келбетіне айналар Кітап үйіне ұлтымыздың Ұлы ұстазының есімі берілуі де бекер емес. Баспа басшылығының айтуы бойынша, «Алматыкітап баспасы» оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын қазақстандық үш ірі кәсіпорынның бірі, балалар әдебиетін шығаратын баспалардың көшбасшысы. Сондықтан да сан жылдар оқу-ағарту жүйесімен тығыз байланыста. Отыз жылдан астам тарихында балалар әдебиетінің дамуы мен таралуына, отандық оқулықтарды құрастыратын авторлар құрамын жасақтауға өзіндік үлесін қосты. Баспа Алматыдағы Кітап үйіне Ұлы тұлға – Абайдың есімін берсе, күні кеше есігін айқара ашқан Астанадағы нысанды ұлт ұстазы – Ыбырайдың атымен айшықтаған.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйі – заманауи кітап дүкені ғана емес, жаңа кітаптардың тұсаукесері, қаламгерлермен кездесу, балаларға арналған шеберлік сабақтар мен түрлі мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізетін әдеби салон. Жаңа Кітап үйі көптеген мемлекеттерге көз тартар көркемдігі мен ерекше дизайны арқылы танымал болған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы конкурсында «Үздік кітап дүкені» атағын иелегенген Алматы қаласындағы Абай атындағы Кітап үйінің өзінше бір үздік нұсқасы. Өйткені екі ғимараттың да дизайнері – Айжан Оспанова.
Ыбырай атындағы Кітап үйі екі қабатты ғимарат. Ерекше дизайны мен стильді интерьерімен ерекшеленеді. Бірінші қабатында ұлттық құндылығымызды насихаттйтын түрлі түсті топтамалар мен «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрген кітаптар молынан қойылыпты. Барлығы 6 мыңнан астам кітап атауы ұсынылған. Бұл жерде ұлы тұлғалар сериясымен танысып қана қоймай, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин туралы әдеби оқулықтар мен олардың шығармашылығының заманауи үлгісін көресіз. Ғимараттың іші кітапсүйер қауым кітаппен асықпай таныса алатындай ыңғайлы, жарық әрі жайлы етіп жасалған. Сонымен қатар «TopIQ» веб-платформасына арналған бұрыш пен оқытушылар мен оқушыларды жаттықтыратын тренинг орталық та бар. Екінші қабатта сыйлық ретінде беруге болатын кітаптардың мол қоры орналастырылыпты. Мұнда ұнаған дүниеңді асықпай отырып қарап шығуға да болады. Кітап үйінің қонақтарын таңқалдырар ең бір қайталанбас тұсы – Ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері жазылған тақтайшалары мен Ыбырайдың кітаптан құралған ерекше портреті. Мәселен, ғимаратқа кірген бетте сізді «Кел, балалар, оқылық!», «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» сынды ғажап қанатты сөздер қарсы алады. Бұл да өскелең ұрпаққа кітап пен оқудың маңыздылығын нұсқауға үлес қосатыны сөзсіз.
Кітап үйінің ашылуы төл тіліміз бен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тура келіпті. Бұл да бір жақсы істің жақсы күнге ұласқандығының дәлелі шығар. Көз тартар көркем ғимаратқа Астана әкімінен бөлек, көпшілікке танымал тұлғалар да жиналыпты. Қонақтарды ұлттық киімдегі «Жастар» театрының актерлары мен жүргізушілері қарсы алды. Ал баспаның басшылық құрамы Гаухар Айтжанқызы мен Элеонора Нығметқызы Кітап үйіне экскурсия жүргізді. Кейін Тренинг орталықта биылғы «Leader TopIQ – 2023» конкурсының «Білімді ер» номинациясы бойынша жеңімпазы, Атырау облысы, Индер ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – Қайырбек Кенжеәлиев пен осы конкурстың «Жас маман» бойынша жеңімпазы, Астана қаласы, Д. Қонаев атындағы №66 гимназияның информатика пәні мұғалімі – Асылбекова Алтынай 6-сынып оқушыларымен бірге шеберлік сабақтарын көрсетіп, өздеріне тиесілі ақшалай сертификаттары мен дипломдарына да ие болды. Шашу шашылды. Құттықтау сөздер легін жобаның идеялық дем берушісі Эленора Баталова өзі бастады.
– Кітап үйі елордамыздың көрнекті жеріне айналатынына сенемін. Осы жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына алғысымды білдіремін және елорда тұрғындары мен қонақтарын осы кітап ордасына шақырамын. Бұл жерде мұғалімдер мен оқушыларды жаттықтыру орталығы жұмыс істейді, баспагерлермен және жазушылармен кездесулер өткізіледі, – деді Эленора Баталова.
– Қазір қазақ жастары қазақ интеллигенциясын, Алаш зиялыларын, ұлттың мүддесін қорғап жүрген бабалары жайлы жақсы білуі керек. Бұл жерде кітаптардың басым бөлігі қазақ тілінде екен. Оның ішінде бәрі өте әдемі безендірілген. Қазақ авторларымен қоса әлемдік авторлардың да кітаптары көп. Өзім автор ретінде айтатын болсам, «Алматыкітап баспасы» барлық авторларға шығармашылық еркіндік береді. Ешбір шаблон, шектеу қоймайды, – деп Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов баспа мен жаңадан ашылған Кітап үйінің ерекшелігіне тоқталып өтті.
Гүлмарал ҚАБДОЛАШЕВА