Өздеріңіз білетіндей, партияның әйелдер қанатын құру бастамасын осы жылдың ақпан айында «AMANAT»-тың ұйымдастыруымен өткен Әйелдердің республикалық форумының қатысушылары көтеріп, оны партия Төрағасы Ерлан Қошанов қолдаған болатын. Қазір әйелдер қанатын құрудың тұжырымдамалық тәсілдері бойынша пікірлер мен ұсыныстар жинау жұмысы жүргізілуде.
Партия хатшысы Шолпан Каринова атап өткендей, әйелдер қанатын құру жұмысы бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр.
«Біз Әйелдер қанатын құрудың тұжырымдамалық тәсілдеріне, ұйымдастыру-құқықтық нысаны мен «AMANAT»-тың барлық 20 филиалындағы жұмыс бағыттарына қатысты партия активінің пікірін тыңдадық. Түрлі ұсыныс бар, соның ішінде әйелдер қанатының аймақтарда да өкілдігінің болуы және Tomiris жобасының ауқымын кеңейту туралы айтылды», – деді ол.
Осы орайда халықаралық тәжірибелер зерделеніп, оның аясында әлемнің 16 еліндегі 20 шетелдік партия жанындағы әйелдер қанаты қамтылды. Саяси менеджмент академиясы директорының м.а. Сәуле Бақтымбет өзге елдердегі саяси партиялар жанындағы әйелдер қанатының қызметіндегі кейбір ерекшеліктер мен үрдістерге тоқталды.
«Барлық Әйелдер қанатының мақсаты ортақ. Олар нәзік жандылардың мүмкіндігін кеңейтуге, олардың қоғамдық-саяси процестердегі рөлін ілгерілетуге, сайланбалы лауазымдарға ұсыну үшін әйел саясаткерлерді қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге бағытталған», – деп атап өтті спикер.
Бұл ретте, халықаралық тәжірибені, барлық өңірдегі әйел көшбасшылардың пікірі мен ұсынысын талдау негізінде жасалған партия жаңа қанатының негізгі жұмыс бағыттары атап өтілді. Олар: саяси көшбасшылық, экономикаға араласу, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік.
Өз кезегінде, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай партия жанынан әйелдер қанатын құру – бүкіл қазақ әйелдерінің аманатын көтеріп отырған бастама деп есептейді.
«Қоғамдағы әйелдердің рөлін көтеру – біздің міндетіміз. Қазақстан халқының 50%-дан астамы әйелдер болғандықтан, қоғамдағы әртүрлі жағдай олардың бүгінгі әлеуметтік ахуалына, қоғамдағы орнына тікелей байланысты. Бұл – әйелдердің өздеріне емес, ең алдымен қоғамға, болашағымызға қажетті дүние. Әйелдердің әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр. Сондықтан олардың интеллектуалдық деңгейін көрсетуіміз керек. Керемет талдаулар жасайтын нағыз маман, сарапшы әйелдердің қоғамда, саясатта, экономикада лайықты орын алуына жағдай жасауымыз қажет», – деді сенатор
Партияның әйелдер қанатын құруға қатысты өз пікірімен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева да бөлісті.
«Елімізде гендерлік бағыттағы көптеген әйел ұйымы бар. Түрлі альянстар, қоғамдық бірлестіктер, комиссиялар, қыз-келіншектер үшін өзекті мәселелер бойынша жұмыс істейтін салалық және кәсіптік әйелдер бірлестіктері аз емес. Партияның саяси және өкілдік күш-қуатын, заң шығару бастамасы құқығын ескере отырып, әйелдер қанаты барша қыз-келіншектер қауымы үшін аса маңызды біртұтас күн тәртібін жасау және біріктіру тұрғысынан топтастырушы рөл атқаруы тиіс деп ойлаймын», – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова партияның әйелдер қанатын құру идеясының өзектілігіне тоқталды.
«Бүгінде саясаткер әйелдің бейнесі мен оның жасампаз күш-қуаты сұранысқа ие. Оның саяси белсенділігі тиімді шешім қабылдауға әсер етеді. Шешілмеген мәселе әлі де көп. «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты осымен айналысуы керек. Сондай-ақ Мәжілістің партия фракциясындағы әйел депутаттары арасынан Tomiris жобасына қатысушылар үшін тәлімгерлік институтын енгізу тиімді болар еді», – деді ол.
Жиын барысында әйелдер қанаты жұмысының күн тәртібіне кез келген кемсітушілікті жоятын заң жобасына гендерлік сараптаманы енгізу қажет екені, қоғамда әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ажырасудың алдын алу, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, қаржылық сауатын арттыруға қатысты мәселелерді енгізу маңызды екені айтылды. Партияның әйелдер қанатының күн тәртібі аясындағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris жобасын іске асыру. Жиынға қатысушылардың басым бөлігі жобаның ауқымын кеңейтуді қолдап отыр.
Жалпы, Қазақстанда әйелдердің басқару жүйесіндегі және елдің қоғамдық-саяси өміріндегі орны жыл сайын артып келеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың реформаларының арқасында өткен парламенттік сайлауда «AMANAT»-тың партиялық тізімінің үштен бірін нәзік жандылар иеленді. «АМАNАТ» мүшелерінің 60%-дан астамы – әйелдер. Сондықтан әйелдер қанатын құру – оларды қолдау, құқықтары мен елдің қоғамдық-саяси өміріне араласу мүмкіндігін кеңейту, шешім қабылдауда әйелдердің пікірімен санасу партия үшін дер кезінде қабылданған шешім.