Ақмола облысында бір рет кісі өлтіргені үшін 9 жыл сотталып шыққан қылмыскер тағы екі адамның өмірін қиды.
Екі адамды пышақтап өлтірді: сот ақмолалықты өмір бойына бас бостандығынан айырды
712
оқылды

Ақмола облысында бір рет кісі өлтірген үшін 9 жыл сотталып шыққан қылмыскер тағы екі адамның өмірін қиды. Сот оны бұл жолы өмір бойына бас бостандығынан айырды,  деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында белгілі болғандай, үш адам (екі еркек, бір әйел) қосылып, алкогольді ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал туындап, ер адамның бірі екіншісіне бірнеше жерден пышақ сұғып алады. Жапа шеккен адам сол жерде жантәсілім етеді. Артынша, кінәлі қылмысын жасыру үшін бірге болған әйелді де пышақтап өлтіреді.

Сөйтіп, ер адам жасаған қылмысын жасыру мақсатында, бірден екі адамды өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасайды (Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 10 және 13-бөліктері).

Сотталған адамның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, болған оқиға орнын тексеру хаттамалары, жүргізілген сараптама қорытындылары, сотталғанның кінәсін толық мойындап келуі, көрсеткен айғақтарының нақтылануын тексеру хаттамасымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталады. Жазаны тағайындау кезінде сот ер адамның бұрын 2008 жылы кісі өлтіргені үшін сотталып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын толық өтегенін ескерді. Сонымен бірге сот оның әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануын анықтады.

«Сот үкімімен айыпталушы екі адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің туыстарына моральдық зиян мен материалдық залалды өтеу туралы талап-арыздар қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ»,  деді ведомство.