4 қыркүйекте әскери бөлімнен суық хабар келген
«Әскерден қайтуына 10 күн қалғанда көз жұмды»: әскери бөлімдегі сарбаз өліміне қатысты тың дерек шықты
1,048
оқылды

Түркістандағы шекара қызметінде борышын өтеп жүрген Нұрғасыр Темірбеков әскерден қайтуына 10 күн қалғанда қаза тапты. Әскери бөлімдегілердің айтуынша, жұмыс істеп жүрген сарбаз ауыр темірге бастырылып қалған. Ата-анасы 19 жастағы Нұрғасырдың ешқандай жұмыстан бас тартпайтын еңбекқор екенін айтады. Енді олар сарбаздың өліміне жауаптылардың барлығы жазалануы керек деп отыр. Бұл туралы «31 арна» хабарлады. 

Үйінің тұңғышы Нұрғасыр Темірбеков соңғы рет әкесіне қоңырау шалғанда бітпей тұрған үлкен баспананың құрылысын 10 күннен кейін өзі барып аяқтауға уәде берген. Алайда бір күннен кейін, яғни 4 қыркүйекте әскери бөлімнен суық хабар келген. Түркістандағы 2037 шекара қызметі әскери бөліміндегілер Нұғасыр ауыр жұмыс істеп жүріп, темір тор мен жүк көлігінің арасына қысылып көз жұмғанын айтқан. 

«Балаңыз осындай тормен жұмыс істеп жатқанда екі ортада қыстырылып қалды деді. Ол жерде жедел жәрдем де болмаған. Маған айтқаны, КАМАЗ-бен 3 шақырым жердегі медицина бөліміне апарған. Содан кейін таксимен әр жағындағы аудан орталығы ма, ауыл ма, сол жаққа апара жатқанда көз жұмды деді. Басшылардан күмәнданамын. Ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмаған», – деді марқұм Нұрғасыр Темірбековтың әкесі Мэлс Әбдіраманов. 

Ата-анасының айтуынша, Нұрғасыр Түркістандағы шекара қызметіне отан алдындағы борышын өтеу үшін өз еркімен аттанған. Алайда әлі күнге дейін жауаптылар сарбаз өліміне байланысты кімдердің жазаланғанын, қандай іс қозғалғаны туралы толық жауап бермеген. Ал әскери прокуратура өкілдері осы іске байланысты тергеу басталғанын хабарлады.

«Қылмыстық кодекстің 156-бабымен, яғни «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу» дерегі бойынша іс қозғалды. Сарбазға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – делінген Әскери прокуратура хабарламасында. 

Марқұмның ата-анасы Нұрғасырдың өліміне жауапты басшылардың барлығы да жазалану керек деп талап қойды.