Оның айтуынша, мектеп директоры хиджап киген оқушыларды мектепке кіргізбеген. Сондықтан осындай қысым көрсетіле бастағанын айтады.
Түркістан облысында мектеп директорын екі сақалды жігіт соққыға жықты
3,950
оқылды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси мектебінің директоры Жанар Сапарды екі ер адам қылқындырып, ұрып, дене жарақатын салған. Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне заңгер Айгүл Орынбек айтты. 
 

«Бұл оқиға күні кеше болған. Жанар Сапар жұмысқа бара жатқанда екі сақалды жігіт тоқтатып, мойнынан қылқындырған. Жарақат іздері бар.  Машинадан сүйретіп түсірген. Аяғы шыққан. Қайта мектеп директорының орынбасары, тәжік жігіті келіп көмектескен. Сосын мектепке апарып, жедел жәрдем шақырған.  Сақалды жігіттердің талаптары мектептегі орнын босат деген»,  дейді Айгүл Орынбек.


Оның айтуынша, мектеп директоры хиджап киген оқушыларды мектепке кіргізбеген. Сондықтан осындай қысым көрсетіле бастағанын алға тартады. 

 «Мен 2016 жылы бұл мектептегі проблеманы көтергенмін. Сол кезде ашық конкурс болып, Жанар Сапар директорлыққа тағайындалған.  Бірақ 7 жылдан бері оған қысым көрсетіліп, қудалау тоқталған жоқ. Басты талабы мектепке оқушыларды хиджаппен кіргізу»,  дейді заңгер.

 Оның айтуынша, жаңа директор келгелі балалардың қазіргі кезде оқу сапасы түзелген.  Түлектері ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грантқа көптеп түсе бастаған.

 «Қазір 18 қазақ сыныбы ашылды. Бұрын қазақ сыныптары болмаған. Қазақ сыныбында оқып жүргендердің алды жетінші сыныпқа келді. Өйткені бұл 100 пайыз тәжік ұлтының өкілдері тұратын ауыл»,  дейді Айгүл Орынбек.

 Заңгер мұндай оқиғалар бұрында да болған деп отыр. Жағын сындыру, қылқындыру секілді жағдайлар бірнеше рет кездескен. 
 

«Қанша арыз-шағым жазсақ та, полиция қызметкерлері қарамай, жауып тастай береді. Бұл жолы да солай болды»,  дейді ол.

Qaz365.kz коллажы