«Қазақстанның автокөлік одағының» мәліметінше, тамыз айында 17 202 жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника, 1031 жүк көлігі мен автобус сатылған. Бұл көрсеткіш – былтырғы тамызбен салыстырғанда 59,5%-ке көп.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік нарығында отандық өндірушілердің мүддесін ескеру керегін айрықша атап өтті.
Осындай мәселелерді шешу үшін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Qaztehna» ЖШС, «Hyundai Trans Auto» ЖШС, «УральскАгроРеммаш» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Семаз» ЖШС, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-ның өндіріс көлемін ұлғайту, нарықтағы үлесін арттыру аса маңызды. Отандық өнім үлесі көбейсе, ескі көліктің саны азайып, осы салада жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Және де көлік құрастыруға қажетті автобөлшектерді Қазақстанда өндіруге мүмкіндік артады.
Сарапшы Әділбек Орынбаев нарықта көлік бағасы қолжетімді болса, сауда-саттықта өзара бәсеке де жоғары болады деген ойын ортаға салды.
«Қазіргі уақытта ескі көлігін өткізу (Trade-in бағдарламасы – ред.) арқылы жаңа машинаға сатылап қол жеткізуге болады. Десе де, машина құрастыратын зауыттардың шығыны көлік бағасына тікелей тәуелді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан автобөлшектерді өз елімізде шығару, мамандарды оқыту, қайта даярлау, шетелдік тәжірибенің тиімді тұсын пайдалану шығынды азайтады. Сәйкесінше, көлік бағасы да қолжетімді бола түседі. Қолданыстағы ескі көліктердің де саны азаяды», – дейді.
Осы мақсатта Алматыдағы индустриалды аймақта жылына 100 мың дана көлік орындығын шығару жоспарда бар. Өндіріс орнына 3 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Сонымен қатар жергілікті мамандарды қайта даярлау, жаңа технологияны оқытуға да басымдық беріледі.
Көлікке сұраныс көбейгенде тапсырысты уақытылы орындау, тұтынушыға мерзімінде жеткізу, сапалы қызмет те шешуші рөл атқарады. Мәселен, бір ғана тамыз айында Қазақстанда 17 200 жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника, 1031 жүк көлігі мен автобус сатылды. Жалпы, жыл басынан бері отандық дилерлер 120 322 автомобиль (+60,5%) сатты.
«Қазақстанның Автокөлік одағы» президенті Анар Мақашеваның айтуынша, тамызда 18 000 жаңа автомобиль саудаға түсті. Бұл – биыл ғана емес, Қазақстан авторитейлінің тарихында болмаған нәтиже. Мұндай көрсеткішке бренд маркалы көліктерге ұсыныстың көбеюі, бағасы қолжетімді модельдер санының артуы, сондай-ақ түрлі қаржылық бағдарламалар шеңберінде тиімді ұсыныстар болғандықтан жетті.
Мәселен, тамызда Hyundai сатылымда көш бастаған 10 марканың көрсеткіштері келесідей болды: Hyundai былтырғы тамыз айында салыстырғанда+107,7% өсіп, 4624 көлік сатты.
Chevrolet-нің 3 363 автомобилі (-13,4%) сатылды. Үшінші орын Kia-ның еншісінде (1 713; +15,4%) болды. Chery бренді 1 694 (+226,4%) машина сатып, 4-орыннан көрінді. Оның бұл жетістігіне Tiggo2 едәуір үлес қосты.
Қостанайдан шыққан Jac-тың 874 (+199,3%) көлігі өтті. Toyota тамызда 6-орынды қанағат тұтты (825; -17,3%). Соңғы бір-екі айда Changan мен Haval өзара орын алмасып келеді (768 және 752). Үздік ондыққа Jetour (634) мен Geely (386) қосылды.
Ең танымал модельдер көшін әдеттегідей Chevrolet Cobalt (2 030) бастады. Одан кейін Hyundai Tucson (1 416) келеді. Үштікті Kia Sportage (845) түйіндеді. Төртінші орын алғаш рет Chery Tiggo2 (840) кроссоверіне бұйырды. Әрі қарай тізімде Chevrolet Onix (673), Hyundai Bayon (606), Hyundai Santa FE (589), Hyundai Sonata (520 ), Jac J7 (471 ) және Chery Tiggo 7 Pro (436 ) тұр.
Сегіз ай қорытындысы бойынша Hyundai (31 381; +76,4%) оза шауып, 28 768 автомобилі өткен Chevrolet-ні (+40,4%) шаң қаптырды. Үшінші сатыға жайғасқан Kia-ның 16 384 моделі (+95,3%) өтті. Chery дилерлері 6 977 машина (+268,8%) сатты. Toyota-ның 5 698 (-11,1%) өнімі өтті.
«Қазақстанның Автокөлік одағы» президенті Анар Мақашеваның пікірінше, 2023 жылы нарық кейінгі жылдары жаһанды жайлаған дағдарыстан ептеп шығып, жандана бастады.
«Дегенмен қиын сәтте де Қазақстанның автомобиль саласы өз деңгейін сақтады. Көлікке қажетті бөлшектерді жеткізушілермен келісіп, балама логистика бағыттарын құрған отандық кәсіпорындар мен бренд ұстаушылардың сенімі арқасында жүзеге асты. Мұның бәрі елге көптеп көлік жеткізуге, нарыққа жаңа бренд маркалы көлік шығаруға мүмкіндік берді. Осы маусымда дистрибьюторлар тағы бірнеше көлікті таныстыруға дайындалып жатыр. Кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтты. Бәсеке болса, дилерлер тұтынушыларға тиімді қаржы бағдарламаларын, сервистік қызметтің ең жақсы шарттарын ұсына алады. Сәйкесінше, сауда-саттық көлемі де ұлғаяды», – деді Анар Мақашева.
Айта кетейік, тұтынушының талғамына сай көліктің қолжетімді болуы үшін «Қазақстанның Автокөлік одағы» бірнеше қауымдастықтың басын қосты. Мақсаты – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, отандық көлік нарығын дамытуға атсалысу. «Қазақстанның Автокөлік Одағы» заңды тұлғалар бірлестігі – биыл 21 шілдеде Астанада құрылған коммерциялық емес құрылым. Оның құрамына Қазақстанның автоөндірушілер қауымдастығы, Қазақстанның автокомпонент өндірушілері қауымдастығы, Қазақстанның дилерлер қауымдастығы, Қазақстанның пайдаланылған автомобильдерді сату бойынша қауымдастығы, Қазақстанның автосарапшылар және аудиторлар қауымдастығы (автомобиль жасау өнімдерінің сәйкестігін бағалау) кіреді.