Іші қуыс жаңа шиналар ешқашан жарылмайды, тесілмейді. Олар ғарыштық технологияларды қолданып жасалған. Шинаның өн бойына никель-титан қорытпасынан жасалған серіппе орнатылған, ол титан сияқты берік, резеңке сияқты созылады.
Ешқашан жарылмайтын шиналар шықты
4,845
оқылды

Марста, Айда жүретін роверлерде қолданылатын технологиямен жасалған шиналар енді жаппай қолданысқа енгізіліп, сатыла бастады. NewAtlas сайтында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz ерекше шиналардың неге жарылмайтынын түсіндіреді.

Фото Smart Tire Company сайтынан алынды

Құрама штаттардың Огайо штатында орналасқан Smart Tire компаниясы екі жыл бұрын ішіне ауа үрленбейтін  велосипед шиналарын жасауды қолға алған болатын. Енді осы Metl шиналарын сатып алуға болады.

Ешқашан жарылмайтын шиналар NASA ғарыш агенттігімен бірлесіп жасалды. Ғарыш агенттігі планетааралық роверлердің шиналарында дәл осындай технологияны қолданады. Өйткені, Айдың немесе Марстың бетінде жүрген жол талғамайтын көлік құралдарының жарылған шинасын ауыстыруға ғарышкерлер жіберу тиімсіз болар еді.

Фото Smart Tire Company сайтынан алынды

Ал жаңа Metl шиналарының іші қуыс, сондықтан оған ауаны жоғары қысыммен үрлеудің қажеті жоқ. Metl шинасының негізінде шинаның бүкіл периметрі бойынша өтетін Slinky серіппесі бар.

Серіппе NiTinol деп аталатын никель-титан қорытпасынан жасалған, ол титан сияқты берік, бірақ резеңке сияқты созылады.

Айта кету керек, NiTinol қысымға ұшыраған кезде деформацияланады, бірақ кейін бастапқы қалпына келеді. Яғни, Metl шинасы қысылады, қайта серпіліп орнына келеді, пневматикалық шинаға ұқсас жатық, жұмсақ жүруді қамтамасыз етеді.

Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Erik Isakson

Шинаның өн бойына орнатылған серіппе мөлдір бүйір қабырғалары мен ауыстырылатын протектордан тұратын полирезеңке материалмен қапталған. Компанияның мәліметінше, бұл шиналарда кәдімгі ауамен толтырылған шинаға қарағанда екі есе аз резеңке қолданылады.

Оған қоса, шинада тек сыртқы протекторды ғана 8000 – 12000 шақырым жүрген соң ауыстыру қажет, ал негізгі доңғалақ велосипедтің қызмет ету мерзіміне толық жетеді. Тек сыртқы проектор ғана ауыстырылатын болса, онда аз резеңке жұмсалатын протектор да арзан болмақшы.

Технологияны коммерцияландыру үшін Smart Tire әртүрлі өлшемдердегі тасжолда, қиыршық таста жүруге арналған шиналар ұсынады. Олардың салмағы пневматикалық шиналардан төмен.

Бірер жылдық технологиялық жетілдіруден кейін мұндай шиналар автомобильдерде қолданылуы мүмкін деген пікірлер де айтылуда. Бұл шиналар нарығына үлкен өзгерістер әкелетін оқиға болар еді.