Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті шарттары сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі болып саналады.
Сотталушылар кінәларын толық мойындауын және 14,5 миллиард теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Қ. Боранбаев пен Р. Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Т. Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуі де мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
Мұндай жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалды, оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері ҚК-нің ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделгеннен жоғары мерзімінің жартысынан аспауы тиіс.
ҚК-нің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтынын ескере отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын (ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайтын) тағайындау ұсынылды.
Процестік келісім қарау және оны бекіту туралы шешімді қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетейік, биыл 22 тамызда апелляциялық сатыдағы сотта істі қарау барысында сотталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат берген болатын.