Оқиға 14 қыркүйекте түнде болған.
Саяжайдан әйел мен екі баланың мәйіті табылды
1,258
оқылды

Алматы облысы Іле ауданы «Береке» саяжайында үй өртенген. Өрт сөндіру кезінде зорлықпен өлтірілген әйел мен екі баланың мәйіті табылды. Бұл туралы Aikyn.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

14 қыркүйекте сағат 22.31-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округі Жәпек батыр ауылында саяжайда үй өртенгені туралы хабарлама түскен. 

«ТЖД қызметкерлері оқиға орнына шұғыл аттанды. Боралдай ауылындағы жақын маңдағы өрт сөндіру бөліміне дейінгі қашықтық – 15 шақырым. Барлау және өртті сөндіру кезінде оқиға орнында зорлық-зомбылықтан көз жұмған 1981 жылы туған әйел мен 2010 және 2016 жылы туған балалардың мәйіті табылды», – деді мамандар. 

Өрт сағат 23:45-те сөндірілген. Өрттің жалпы ауданы – 124 шаршы метр. Алматы облыстық ПД күдіктіні іздеп жатыр. 

«Факті Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және оны ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық полиция бөлімшелері мен көршілес облыстардағы жол полициясына бағыт-бағдар жолданды», – деді Алматы облысының ПД бастығы Бауыржан Әленов. 

Өрттің себебін тергеу анықтайды.