Астанада көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған бірқатар іс-шара жоспарланған.
Астанада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы тойлана бастады
1,111
оқылды

Оған ұйытқы болған Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қоры. Соның бастамасымен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі өтті.  Артынан филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізген қазақтың ғажайып суреткері Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференциямен жалғасып, жазушының «Шолпандай таң алдында туып – батты» кітабының тұсауы кесілді.

Шара Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатын табыстаумен басталды.

Бүгін елдің руханиятында үлкен оқиға болып жатыр. Осы отырыс халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің, сөз өнеріміздің ғажайыбын аша түспек. Бұл Оралхан Бөкейге арналған кеш. Орекеңе алғаш жолығуым өзі қызық. Бейне бір кеше ғана болғандай, әлі көз алдымнан кетпейді. 1970 жыл, ол кезде студентпін. Жазған-сызғанымды "Лениншіл жасқа" алып бардым. Кірген бетте оң жағында көзілдірік киген бір жігіт отырды. Оны танымадым. Сөйтсем, ол Сағат Әшімбаев екен. Ал Орекеңді бірден танып, жазбамды соған ұстаттым. Содан жазғанымды апарам да тұрамын. "Өткен сенбіде шықты ғой. Апта сайын шықпасаң болмай ма?" деп қалды Орекең. Мен үндеместен шығып кеттім. Бір уақытта артымнан әлгі көзілдірікті жігіт көңілімді баспақ болған. Сөйтсем, ол Орекеңнің жақын досы, інісіне айналған Сағат Әшімбаев екен, – дейді Сауытбек Абдрахманов.

Сонымен қатар, конференцияға Президенттің парламенттегі өкілінің басшысы Әмірбек Оспанбеков, сенатор әрі публицист Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Рахан Мыңбай, Сенбек Аманшаев, Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Асқар Алтай, Алдан Смайыл, Жарылғап Бейсенбай, Қуаныш Жиенбай, Сұраған Рахметұлы бастаған  қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

 «Бірнеше жылдан бері Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры республика көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтардағы жобаларымызда стратегиялық, экологиялық, туристік бағытқа басымдық берген едік. Биылдан бастап біз мәдениетке көңіл бөлуді шештік. Өйткені тұрақты дамудың негізін білім беру мен экономикалық даму тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықтар жағынан да қарастыруға ұмтылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург, ақын Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді шештік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өздеріңіз білетіндей, мерейтой Алматыда республикалық айтыспен аяқталады», – деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.

Оған қоса, келген қонақтарға Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль салтанатты түрде табысталды. Негізі көрнекті жазушының мерейтойы туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан басталды. Енді іс-шаралар легі 28-30 қыркүйек күндері Алматы қаласында жалғасын таппақ.