Бұл жолғы «Спойлерде» сондай жарқын картиналардың бірі – The Glory сериалы жөнінде айтып бермекпіз.
Былтыр Netflix платформасында тұсауы кесілген туынды үздік ондыққа енді, әлемнің 18 тілінде дубляждалды және 32 тілге аударылып, субтитрмен ұсынылды. 16 сериядан тұратын алғашқы сезонын дорамалардың шоқ жұлдызы дерсің. ТМД көрермендері үшін орысша қолжетімді болған сериал жергілікті жұртқа да ұнаған сыңайлы және оған бірнеше себеп бар.
Адамзатқа тән өшпенділік. Оңтүстік Кореяның кинематографистері адам баласының ақ ниеті мен қара пиғылының арпалысын суреттеуде асқан шебер. Кейіпкердің екі иығындағы періштенің әрқайсының қылқаламына себеп болатын мінез-құлық, әдет-әрекеттерді бейнелеудің балансын «әдемі» сақтайды. Бұрынғы көркем мінезді, асқан батыр һәм дана бас кейіпкер мен оның құбыжық қарсыласы туралы сценарийлер кемде-кем. The Glory сериалының бас кейіпкерінің өмірлік мақсаты – өзіне қиянат қылғандардан кек алу. Мун Донг-ун есімді орта жастағы әйел бұл миссияға көп жыл дайындалған және ештеңеден тайынбақ емес – адам баласына тән қамқорлық, жылылық, мейірім, махаббат сынды сезімдерден ада һәм оған әдейілеп ерік те бермейді. О баста ішкі сезімі әбден өшпенділікке толған бейбақтың адам ретінде саналы өмірі өліп тынған. Өлместің бейшара күнін кешкен әйелдің кек алу жоспары «керемет», бүге-шүгесіне дейін ойластырылған. Фильм барысында Мун Донг-унның көрген қорлығы ешуақыт ұмытылмайтын қорқыныш естеліктер ракурсынан ұсынылып отырады. Мұндай фрагменттер қанша жерден аяусыз көрінсе де, кейіпкердің кек алу мотивін ақтап алып, керісінше, көрерменнің мейлінше қатаң жазалауға «ынтасын» оятады. Дорамының «болмысы» баяу, ешқандай экшн, атыс-шабыс, қантөгіс жоқ, көбіне көп адам психикасының қалауын қанағаттандыруға бағытталғандай. Өмірінде тиіттей болсын қиянат һәм қорлық көрген адамның кек алуға деген ынтасы болатыны ұғынықты-ақ. Сол фокустан алғанда фильм кейіпкерімен тағдырлас (бұған баршамыз кіреміз, бәлкім) көрерменнің Мун Донг-унның аяусыз бастамасына еріксіз қолдау көрсеткісі келетін «ниеті» мен сөйте тұра, түрлі наным-сенім мен пәлсапа жетегіне ілесіп, жақсылықтан үміт етіп, бәлки қандықол болудың жауапкершілігінен қорқып «шіркін-ай, кешіре алса ғой» дейтін арманы, бұл арадағы психологиялық арпалыс тәнті етпей қоймайды.
Әлеуметтік проблема. Комедияның өзіне әлеуметтік астарын беретін кореялық киногерлер бұл фильмде елдегі, тіптен әлемдегі аса өзекті мәселені көтерген – мектептегі буллинг. Мун Донг-ун – орта сынып оқушысы, әкесі жоқ, шешесі «аты бар, заты жоқ», ішімдікке, ақшаға құмар, отбасы құндылықтарынан ада әйел. Кедей-кепшіктің балаларына қиянат жасайтын баяғы бай-оғландардың балаларына ешкімнен тоқтау болмаған соң, олар ойына келгенін істеп, қорлық көрсетудің адам санасына кіріп-шықпайтын жан түршігерлік айла-тәсілін ойлап тапқан. Буллингке шыдамай бірінен соң бірі суицид жасап жатқан жеткіншіктердің тағдырына алаңдайтын ешкім жоқ: ата-анадан да, мектеп басшылығынан да, құзыретті мекемелерден де қайран жоқ. Дорамада күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған проблеманың көп түйткілі көтерілді, көрерменнің қызу талқысын туғызған бір себебі – осы.
Махаббат. Иә, иә! Махаббатты ұлықтауда кәрістер ешкімге жол бермейді. Дорама десе тәтті сезім, ыстық ықылас, махаббат үшін күрес һәм соның жолындағы құрбандықты еске алатынымыз да сондықтан. Әлеуметтік проблема көтеріп, өшпенділік сезімін сценарийге арқау еткен фильмде тәтті сезімге қайдан орын болсын дейтін шығарсыз?... Орын бар, өйткені «махаббатсыз дүние бос», адамның болмысы сондай. Бұл ұлық ұғымды насихаттауда кореялық кинематографтар өте шебер. Дорамада барлық жылы сезімнен ада болған Мун Донг-унға жас пластикалық хирург Джу Йочонды жұптайды. Өшпенділік сезімі бұл кейіпкерге де бейтаныс емес. Хирург әкесі өмірге өкпелі, ақыл-есі дұрыс емес азаматқа ота жасау кезінде соның қолынан қаза табады. Джу Йочон түрмеге тоғытылған қылмыскерден кек алғысы келеді. Бәлки осы себептен Мун Донг-унмен бейсана деңгейінде ұғысатындай. Фильмде көкірегі ашу-ызаға толы екеудің сезімі баршаға қалыптан тыс сипатталады, тіпті, бір көргенде, бәріне түсініксіз һәм түсінікті романтика бар – Джу Йочонның «Тек қалай өш алғың келетінін айтшы, сен үшін мен кек алуға дайынмын» дейтіні жүректі елжіретпей қоймайды.
P.S.
The Glory дорамасының басты кейіпкері – өте танымал актриса Сон Хе Ге («Нар тәуекел», «Жүрегімде қалған күз», «Ыстық ұя» және тағы басқа фильмдерден көрерменге таныс). Бұл да туындының көп көрсетілім жинауына септігін тигізсе керек. Дорама қызық аяқталады: барша жауынан кек алып, оларды қан жылатып, енді суицид жасауға бекінген Мун Донг-унды Джу Йочонның анасы тоқтатады. «Менің ұлыма сен керексің, ол да өшпенділіктің қамытын киіп, азабын тартуда» дейді шешей. Мун Донг-унның ендігі амал-әрекеті мен әрі қарайғы өмірін 2 сезоннан көретін боламыз. Бүгінге дейін дыбысталып үлгерген жаңа маусым келер жылы көрсетіледі деп күтілуде.
NooNah