Сонымен қатар Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті.
Мәжіліс Төрағасы Кореяға ресми сапармен барды
742
оқылды

 Сеул, 18 қыркүйек. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ел басшылығымен кездесіп, «Samsung Electronics» және Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды.

Қазақстан делегациясы өз жұмысын Мәжіліс спикерінің Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесуінен бастады.

Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың қатарында.

– Жуырда біздің Президентіміз халыққа жолдауын жариялады. Ол ел экономикасын жаңа модельге көшіру туралы міндет қойды. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуға басымдық беріліп отыр. Корея осы салаларда әлемдік көшбасшы ел және бізге сіздердің тәжірибелеріңіз қызықты. Мұның бәрі Қазақстан мен Корей ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен кездесті. Мәжіліс спикері әріптесіне Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер туралы мәлімет беріп, Конституциялық реформалардың нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейгенін айтты.

– Біздің елдеріміздің Парламенттері арасында берік серіктестік қатынас орнаған. Парламенттік достық топтары белсене жұмыс істеп жатыр. Комитеттер деңгейінде сындарлы диалог пен заң шығару саласында тәжірибе алмасу арта түсуде, –  деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті. Онда компанияның Қазақстандағы қазіргі және алдағы ауқымды жобалары талқыланды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Бұл оқу орнының филиалын  жақын арада Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отыр. Сеул техникалық университетінде оқитын қазақстандық студенттермен де кездесу өтті.

Ертең Қазақстан делегациясының Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламент спикерлерінің кеңесіне қатысуы жоспарланған.