Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының аясындағы екіжақты келіссөздер бағдарламасы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесуден басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы бауырлас халықтар арасында тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын атап өтті.
Президент Мажарстанның түркі ынтымақтастығын нығайтудағы белсенді ұстанымын және елеулі үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті өтетінін айтып, аталған жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Премьер-министр Виктор Орбан мырзамен кездесеміз деп үміттенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.