– Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Тіл мерекесі аталып өтілуде. Тіл – мемлекетіміздің тірегі. Сондықтан адамзат өз тілін қастерлеп, дәріптеуі парыз деп ойлаймын. Өткізіп отырған шарамыздың мақсаты да сол – оқушыларымызды ана тілімізді құрметтеп, қадірлеуге баулу, олардың тіл байлығын дамыту. Ана тіліміздің өрісі кеңейе берсін, – деді мектеп директоры Ғалия Сейдахметова.
Мекеме басшысының сөзінше, тіл мерекесіне арналған шаралар мектепте жыл сайын ұйымдастырылады. Қазір оқушылардың тіл байлығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынған. Әрбір оқушы бірнеше шығарманы оқуға міндетті. Балалар бір-бірімен жарысып оқиды. Жауапты ұстаздар балалардың талпынысын бағалап, ерекше ізденісімен көзге түскендерді арнайы номинациялармен марапаттап отырады екен.
Кеште Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мектеп оқушыларымен бірлесіп қойылым ұсынды. Әсіресе, Өнер академиясы студенттерінің Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасы негізінде қойған қойылымы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Шаханов сынды тау тұлғалардың бейнесін сомдап, жырдан шашу шашты. Әрмен қарай кеш кішкентай өнерпаздардың рухты әндерімен жалғасын тапты.
Бүгінде №26 жалпы білім беретін мектепте 3 715 бала білім алады. Жалпы саны 247 мұғалім балаларға сабақ береді. Ал соның ішінде 40 педагог – аталған мерекелік жиынды өткізуге ұйытқы болып отырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы