Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.
Ерлан Қошанов: Қызылордада SeuolTech университетінің филиалы ашылмақ
828
оқылды

Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Парламент спикерлерінің бірінші кеңесіне қатысу үшін бір топ Мәжіліс депутаты Сеулге ресми сапармен барды. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Facebook-тағы парақшасында жазды.   

Ерлан Қошановтың айтуынша, бірінші күні біз ел басшылығымен екіжақты кездесулер өтті.

«Біздің елдерімізді ортақ тарих пен берік достық байланыстырады. Бүгінгі таңда Корея Республикасы – Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

 

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауынан кейін елдеріміз арасындағы байланысты нығайтудың өзектілігі тіптен арта түсуде. Қазақстандағы бизнесті, өнеркәсіпті, банк ісін, энергетиканы және IT секторын дамыту үшін бізге Азиядағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдің тәжірибесі қызықты.

Біз бұл мәселелерді Корея Премьер-министрі Хан Док Су мырзамен кездесуде талқыладық. Корея үкіметінің басшысы өндіріс, сауда және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейту әлеуеті туралы айтты. Екі ел үкіметі мен парламенттерінің міндеті – осы әлеуетті іске асыруға жағдай жасау. Осындай қолайлы факторлардың бірі – Қазақстан мен Корея арасындағы әуеқатынасының кеңеюі деуге болады. Бүгінде «Азиана» компаниясы Алматы мен Сеул арасында аптасына 11 рейс жасайды. Бұл – екі ел арасындағы белсенді іскерлік және әлеуметтік байланыстың айқын көрсеткіші.

Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен де келіссөз жемісті болды. Екі ел парламенттері арасында жақсы әріптестік қарым-қатынас орнаған. Достық топтары деңгейінде де, комитеттер деңгейінде де белсенді жұмыс жүргізілуде.

 

Ынтымақтастықты дамыту мәселелері Samsung Electronics компаниясының атқарушы президенті Пак Сунг Химен кездесуде де талқыланды. Корей тарапы Қазақстандағы инновациялық жобалардың үлкен әлеуетін байқап отыр.

Бүгін біз Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болдық. Бұл оқу орны Кореядағы инженерлік және гуманитарлық ғылымдар бойынша үздіктердің қатарында. SeuolTech университетіне биыл 113 жыл толып отыр. Мемлекет басшысының шетелдік үздік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жуық арада университеттің Қызылорда қаласында филиалын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар оқу орнында түрлі бағдарлама бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттермен де тілдестік.

Ал ертең басталатын Корея және Орталық Азия елдері парламенттері спикерлерінің кездесуі өңірлеріміздің ықпалдастығындағы жаңа кезеңнің бастауы болатынына сенімдімін», – деді Ерлан Қошанов.