Хромтаулық кеншілер үшін Байназар Таубайұлының есімі әркез ыстық. Ал Дөң тау-кен байыту комбинатында ортақ еңбек өтілі 293 жыл болған Джамановтар әулетін білмейтіндер кемде-кем. Жастық жігері мен қажыр-қайратын өзге іске арнамай, әулет ішінен өндіріске алғаш жол салған Байназар Джаманов комбинатта елу жылға жуық еңбек етіп, бүгінде мәуелі шағының жемісін көріп отыр. Жақында ғана зейнет демалысына шыққан ардагерімізбен Грузияның Боржоми қаласынан хабар алыстық.
Зейнетке шыққан әкесін ұл-қыздары 20 күнге шетелге демалысқа жіберіпті. Қоңыраудың ар жағынан балаша мәз болған, көңілі көтеріңкі Байназар Таубайұлының даусын естіп, біз де қуанып қалдық.
Сирек адамдар болады. Болмысы бөлек, маңайына жылулық лебін таратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, тәрбие дәнін егетін. Сөйте жүріп, ісіне мығым, талапшыл, білдей бір ұжымды басқара алатын қабілетке ие адамдар бар. Байназар Джаманов та – сондай сиректердің бірі.
1975 жылдың тамызында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатына келген күннен бастап өмірін өндіріспен байланыстырып келген азамат туралы айтар нәрсе көп. Алғашқы еңбек жолын «Дөң» кенішінде электр слесірінің үйренушісі болып бастап, бас механик лауазымына дейін өсті. Алайда ол бұл қызметке біраз шыңдалудан кейін ғана келген еді.
– Біздің кезімізде балалар мектептен кейін бірден жұмысқа тұратын, - дейді Байназар Таубайұлы. – Әке-шешеміз еңбекке баулыды. Ерте есейдік. Сол заманның балалары үшін еңбекке ерте араласу қалыпты жағдай болатын. Мен де солай жұмысқа тұрдым. Ол кезде ауыл баласына алысқа оқуға кету де оңай болмады. Сөйтіп, әкем Таубай мен анам Сәлима Алдабергенованың қызмет ортасына мен де жұмысқа кірдім. Олар – теміржолшылар болды. Мен кеніштен бастадым.
Кейін ол әскерге кетіп, Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін жұмысына қайта кіріскен. Комбинатқа білікті мамандар қажет болғандықтан, Байназар Таубайұлын Мәскеудегі тау-кен институтының «электрлендіру мен автоматтандыру» мамандығына оқуға жібереді. Күндізгі бөлімде оқып келген қызметкерді «Молодежная» шахтасының шебері етіп тағайындайды. Міне, осы тұстан Байназар Джаманов комбинаттың бас механигі қызметіне дейін өсті. 2005 жылы өндірістің маңызды жабдығы – көтеру машинасын ауыстыру жұмысы ардагердің күні бүгінге дейін ескірмес тәжірибесіне айналды. Олай деуге себеп – биыл кәсіпорынның 85 жылдығына орай «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтасында рекордық мерзімде ауыстырылған көтеру машинасының жұмысына Байназар Таубайұлының қолтаңбасының қалуы. Осы еңбегі үшін ардагер шахтерлер күніндегі салтанатты мерекеде компанияның алғысхатымен марапатталды.
Өткен жылдарға қайта оралсақ, Байназар ағадан кейін Айназар, Ақназар, Ерназар және Айназар Джамановтар, беріректе олардың бала-немерелері келіп, әулеттің еңбек жолы күні бүгінге дейін жалғанып келеді. Бұл да бір әдемі бақыттың көрінісі!
Олардың әрқайсысының еткен еңбегіне қарай алған марапаттары да бар. Бірақ кейіпкеріміз айтқандай, олар үшін басты марапат – қызметтің сапалы жүруіне қосқан үлесі мен әулеттің береке-бірлігі, атакәсіпті абыройлы күйде артқы буынға аманат етіп табыстай алулары.
Ал бұл әулетті тек өндіріс байланыстырады десек, қате болар. Бойларынан Еуразиялық Топтың құндылығы саналатын бірлік пен даму, жауапкершілік пен тиімділік сынды қасиеттердің табылуы да жайдан-жай емес.
– Сүріп жатқан өміріміз тынымсыз еңбектен тұрады. Мені бақытты еткен өзімнің жұмысым. Комбинаттың есею жылдары әлі күнгей дейін көз алдымда. Зейнетке шыққаныма көп бола қоймаса да, өндірісті, әріптестерімді сағынып үлгердім, - деген ардагердің сөзінен комбинатқа деген қимастығын байқадық.
Негізгі қызметінен бөлек, жастарға тәлімгерлік етіп келген Байназар Таубайұлының мектебінен Евгений Белобородов, Қанат Давлеталин секілді бүгінде комбинаттың белді-белді механиктері түлеп ұшты. Өндіріс ардагері өмірден білген-түйгенін, жетістікке жетудің жолдары мен абыройлы еңбек етудің сырын бөлісіп, жастарды қара бастың қамы үшін ғана емес, елі үшін де аянбай тер төгуге шақырады.
Тіпті, бүгінде «AMANAT» партиясының алға қойған мақсаты да осыған сай. Олар еліміздегі еңбекқор жандардың алар орны ерен екенін айтуда. Сол себепті оларға деген алғысы да шексіз.
Арайлым Ғани
Алексей Пименовтың фотосуреті