Қазір Алматы облысы Талғар аудандық сотының шешімімен парақшалардың иесі кінәлі деп танылып, айыппұл салынды.
"Алланың миссиясы аяқталды". Журналист Жанат Бақытқа сот үкім шығарды
42,588
оқылды

Белгілі журналист Жанат Бақыт діни жазбалары үшін жазаланды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау облыстық  Дін істері басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ведомство мәліметінше, Дін істері басқармасына қала тұрғыны атынан арыз келіп түскен.

"Арызда әлеуметтік желіде танымал журналист желідегі парақшалары арқылы ислам дініне тіл тигізіп, барша мұсылмандардың, соның ішінде жеке діни сезіміне қорлық жасалғанын көрсеткен. Осы ретте басқарма тарапынан Instagram әлеуметтік желісіндегі Zhanat Baqyt және zhan_zhihany парақшалары Дін істері комитетіне дінтану сараптамасын жасауға жолдаған болатын. Сараптама қортындысы негізінде, бұл парақшаларда шынымен ислам сенімін ұстанатын азаматтардың діни сенімін қорлауға және өз кезегінде қоғамда түрлі діни талас-тартыстарға себеп болатын ақпараттар жарияланғаны анықталды. Қазір  Алматы облысы Талғар аудандық сотының шешімімен парақшалардың иесі кінәлі деп танылып, айыппұл салынғанын хабарлаймыз", –  дейді Атырау облыстық  Дін істері басқармасының бас маманы Ерлан Ерғалиев Massaget.kz тілшісіне берген жауабында.

Осылайша, журналиске 50 АЕК – 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынған. 

"Алдағы уақытта бұл парақшаларды бұғаттау үшін ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереміз", – дейді Ерлан Ерғалиев. 

Атырау облыстық Дін істері басқармасы ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңының 3-бабы 5-тармағына сәйкес,  жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейтінін ескертті.

Еске салайық, биыл наурыз айында журналист Жанат Бақыт әлеуметтік желідегі парақшасында "жаңа дәуір басталды, Алланың миссиясы аяқталды" деген болатын.  Журналистің бұл сөзі халық арасында түсінбеушілік тудырған еді.

Фото: stan.kz