«Жастар рухы» Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен отансүйгіштік» деп жастар үшін маңызды үш басымдықты атаған болатын. Осы сөзге сүйеніп, «AMANAT» партиясы еңбекке деген басымдықты іске асыру мақсатында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, жастардың жұмыспен қамтуына жәрдемдесуге бағытталған «Жастарға жұмыс!» жобасын қолға алды.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында жұмыссыздықты азайта отырып, олардың тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік жасау. Соның арқасында жастар маман ретінде біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түседі. Ал бұл қадам жастар арасында кәсіби маман ретінде өзін тауып қана қоймай, кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік туғызады. Міне, бүгінде мұндай шараға септігін тигізетін еліміздің әр аймағында жұмыс жәрмеңкелері үзіліссіз өткізіліп жатыр. Осының жастарға қаншалықты әсер етіп жатқаны жайында Абай облысындағы Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Қуаныш Аманбекұлы айтып берді.
Оның айтуынша, бір ай бұрын ғана жұмыс бойынша жастарға жәрмеңке өткізіліпті.
– «AMANAT» партиясы мен облыстағы ірі-ірі деген кәсіпорындар, зауыттар арасында меморандумға отырдық. Меморандум бойынша енді кәсіпорындар жұмыс орны болған уақытта партияға хабар береді. Партия өз тарапынан жұмыс іздеген жастарға ақпарат таратады. Сол себепті біз жастарды мәжбүрлей алмаймыз, тек ұсыныс жасаймыз. Ал ұсынысымызды таңдау еркі студенттердің өзінде, – дейді Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Қуаныш Қасенов.
Төрағаның айтуынша, осы күнде құрылыс саласындағы слесарь, сварщик, электрик деген мамандар сұранысқа ие.
– Бізде заңгер мен экономист деген өте көп. Соған қарамастан техника немесе құрылыс саласындағы маманға, яғни сварщик, слесарь, электрик дегенге жұмыс беруші тарапынан сұраныс қатты. Сондықтан да көбісі колледж бітірісімен дипломы бойынша емес, күнкөрістің тіршілігімен кетіп жатады, – деді ол.
Осының алдын алу мақсатында депутат Нартай Аралбайұлының бастауымен республика деңгейінде Жастар кеңесінің отырысы өткен. Тіпті, оған Білім басқармалары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Ондағы көтерілген мәселе – студент пен мұғалімнің арасындағы жемқорлық.
– Әрине, қазір барлық жерде сенім жәшігі секілді дүниелер бар. Көбісі бұған бара бермейді. Бірі тұрған камерадан қорықса, енді бірінің батылы жетпейді. Сол себепті де камераны алып тастау ұсынылды. Бірақ жергілікті Білім басқармасының мәлімдемесі бойынша, әлі ондай жағдай тіркелмеген екен, – дейді Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Қуаныш Қасенов.
Оның айтуынша, бұл жолда күресті ең әуелі студенттің тұратын жерінен бастаған. «Яғни, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін қарастырған. Еліміздегі ірі мегаполистегідей студенттер арасында жатақхана жетіспеушілігі сезілмейді. Алайда Білім басқармасының мәліметінше, студенттерге жатақхана берілгенімен, көпшілігі қатарластарымен бірлесіп, пәтер жалдағанды дұрыс көретінін айтты», – дейді ол.