Талғарда қайтыс болған науқастың ұлдары орталық аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінің дәрігері мен мейіргерді сабаған.
Талғар аудандық орталық ауруханасы әкімшілігінің мәліметінше, әкесінің қайтыс болғанын білген ашулы ұлдары ақ халаттыларды аяусыз ұрып-соғып, содан кейін марқұмның денесін ұрлап күшпен алып кеткен.
"Қайтыс болған адамның ұлдары кісі өлімі туралы дәрігер анықтамасының ресми рәсімін күтпестен жансақтау бөліміне баса көктеп кіріп, ондағы дәрігер мен мейіргерге қатысты күш қолданып, марқұмның денесін ұрлап, оны ОАА территориясынан медициналық төсек арбамен бірге алып кетті", – деп хабарлайды Талғар аудандық орталық ауруханасының әкімшілігі.
Жасалған шабуыл салдарынан анестезиолог-реаниматолог дәрігерге бас миының жарақаты, көптеген теріасты гематомасы, кеңсіріктің жабық сынығы диагнозы қойылды. Мейіргерге мидың жабық жарақаты, маңдайдың жұмсақ тіндерінің көгеруі, мұрынның жабық сынығы диагнозы қойылды.
«Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен Талғар аудандық полиция қызметкерлері қайтыс болған адамның денесін қайтару және дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін кінәлілерді ұстау бойынша қажетті шаралар қабылдады. Аталған фактіге алда құқықтық баға беріледі», – деп атап өтті ауруханадан.