Серіктестікке серпін берер сапар

Мәжіліс спикері Ерлан Қоша­нов ел бас­шылығымен кездесіп, Sam­sung Electronics және Сеул ұлт­тық ғылыми-техни­калық уни­вер­ситетінде болды.

Қазақстан делегациясы өз жұмысын Мә­жіліс спикерінің Корея Республи­ка­сы­ның Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесуінен бастады.

Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Ко­реяға мемлекеттік сапары екі ел арасын­дағы кеңейтілген стратегиялық әріптес­тік­ке жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Ко­рея Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвес­тордың қатарында.

– Жуырда біздің Президентіміз ха­лық­қа Жол­дауын жариялады. Ол ел эко­но­микасын жаңа модельге көшіру туралы мін­дет қойды. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуға басым­дық бері­ліп отыр. Корея осы салаларда әлемдік көш­басшы ел және бізге сіздердің тәжі­ри­бе­леріңіз қызықты. Мұның бәрі Қазақстан мен Корей ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкін­діктерге жол ашады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлт­тық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен кездесті. Мәжіліс спикері әріп­тесіне Қазақстандағы саяси және эко­номикалық өзгерістер туралы мәлімет бе­ріп, конституциялық реформалардың нә­тижесінде Парламенттің рөлі күшей­генін айтты.

– Біздің елдеріміздің Парламенттері арасында берік серіктестік қатынас ор­на­ған. Парламенттік достық топтары белсене жұ­мыс істеп жатыр. Комитеттер деңгейінде сын­дарлы диалог пен заң шығару сала­сын­да тәжірибе алмасу арта түсуде, –  деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясы Samsung Electronics компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті. Онда компанияның Қазақстандағы қазіргі және алдағы ауқымды жобалары талқыланды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Сеул ұлт­тық ғылыми-техникалық университетінде болды. Бұл оқу орнының филиалын  жақын арада Қызыл­ордадағы Қорқыт ата уни­верситетінде ашу жоспар­ланып отыр. Сеул техникалық университетінде оқитын қа­зақстандық студенттермен де кездесу өтті.

Бұдан соң Палата төрағасы Ерлан Қо­шанов бастаған Мәжіліс депутаттары Ор­та­лық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақ­тастық мәселелері жө­ніндегі парламент спикер­лерінің I кеңе­сіне қатысты.

Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғыз­стан, Тә­жікстан, Түрікменстан және Өз­бекстан парла­менттерінің спикерлері сөз сөй­леді. Ерлан Қошанов Қазақстан де­ле­гациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйым­­дастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ал­дағы он­жылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп са­найды. Бұл ретте бізге өз эко­номикалық мүм­кіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барын­ша пайдалану өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов.

Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ын­тымақтастықтың басымдықтарына ар­налды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі еке­ніне назар аударып, Қазақстан пар­ламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты.

– Ынтымақтастығымыздың өзекті мә­селелері қатарында климаттың өз­геруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуан­түр­лілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішін­де трансшекаралық ресурстарды тиім­ді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы қазірдің өзінде Орта­лық Азия тұрғындары Арал теңізінің эко­логиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезі­ніп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ер­лан Қошанов корейлік жетекші маман­дармен тәжірибе алмасуға шақырды. 

Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қа­рай жал­ғасын тапты. Қатысушылар Ор­талық Азия мен Корея Республикасы ара­сындағы үздіксіз өңірлік эконо­ми­калық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласын­дағы қарым-қатынас туралы пікір алмас­ты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы­ның бастамасымен жуырдағы Жолдауын­да айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстанның кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Рес­пуб­ли­ка­сымен инновация, жасыл тех­но­логиялар, энергетика, өнеркәсіптік өн­діріс, IT және банк секторындағы ын­ты­мақтастықтың зор перспектива­ларын аңғарып отыр.

Сөз соңында Ерлан Қошанов қазір Ор­талық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени бай­ла­ныстар қарқынды дамып жатқанына назар ау­дарды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ық­пал­дастықты арттыру үшін жаңа мүм­кін­діктерге жол ашады.

Іс-шара қорытындысы бойынша Ор­талық  Азия елдері мен Корея Респуб­ли­ка­сы парламенттері төрағаларының «Бо­лашаққа бағдарланған өзара тиімді қа­тынастарды дамыту» тақырыбындағы ал­ғашқы кез­десуі­нің бірлескен декларациясы қабыл­данды.