Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан әлем чем­пионатында еркін күрестен ұлттық құрама балуаны Ризабек Айтмұхан топ жарып, алғашқы алтын медальді қоржынға салды.
Еңбек әрқашан ақталады – Ризабек Айтмұхан
1,218
оқылды

Бұл – қазақ халқының аңсаған «алтыны», көп күткен жеңісі. Осы­лайша, ол әлем чемпионатында еркін күрестен алтын медаль алған тұң­­­ғыш әрі ең жас қазақ балуаны атанды. Біз Туризм және спорт министрлігі, Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің атса­лы­­суымен әлі елге оралмаған Ризабекке хабарласып, сұхбаттастық.

– Еркін күрестен әлем чемпионы атан­ған алғашқы қазақ спортшысы ата­нуыңыз­бен құттықтаймыз! Жалпы, жеңіс­ке жеткендегі әсер қандай болды? Жа­­­­рыс­та қай балуанмен күресу қиынға соқты? 

– Құттықтап жатқандарыңызға рақ­­мет! Әлем чемпионы болу үшін 9 жыл еңбек еттім. 2019 жылы астанамызда әлем чемпионаты өткенде волонтер болғанмын. Ол кезде 15 жаста едім. Ара­­­да 4 жыл өткеннен кейін әлем чем­­пио­­натына қатысып, Алланың қалауы­мен әлем чемпионы атандым. Жарыста ма­­жарстандық Балаш Юхаш пен түр­­­кия­­лық Фейзулла Ақтүрікпен және осы сал­­­­­мақтағы қазіргі әлемдік рейтинг­тің көшбасшысы, грузиялық Мириани Майсураздемен, әзербайжан спортшысы Осман Нурмагомедовпен белдестім. Әлем чемпионатында маған ең қиынға соққаны ақтық белдесу болды. Қарсы­­­­­ласым да оңай болған жоқ. Бірақ артыл­­ған жауапкершілікті ақтауға барымды салдым. 

– Өзіңіз спортқа қалай келдіңіз? Бала­лық шағыңыз туралы айтып беріңізші? 

– Солтүстік Қазақстан облысы Уәли­­ханов ауданы Кішкенекөл деген ауылда дүниеге келдім. Отбасымызда өзімнен кейін бес бауырым бар. Еркін күреске 10 жасымда інім екеумізді әкем қолым­нан жетектеп, қинап әкелді. Әкемнің есімі – Қанат Жолдасбаев. Осылайша, менің алғашқы жаттықтырушым әкем болды. Ал анам мектепте орыс тілі пә­нінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Әкем: «Олимпиада, әлем чемпионы бо­лу­ға тырысыңдар, соған талпыныңдар. Мақсаттарыңа жету үшін қолда бар мүм­­кіндіктің бәрін жасаңдар» деп үнемі айтатын. Сол сенім мен мақсаттың арқа­­сында бүгінгі күнге жеттік. 2018 жылы Астанадағы Қажымұқан Мұңай­­тпасов атындағы Олимпиада резервінің респуб­ликалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түстім. Осы жерде жаттықтырушымыз Самат Жақы­пов өз қарамағына алды. Ал 2019 жылы 10-сыныпта оқып жүріп, Алматыдағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылдандым. Ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешу­баевтардың қарамағында жаттыға бас­тадым. 

– Спортта үлгі тұтар ұстазыңыз болды ма? 

– Әр спортшының үлгі тұтатын ку­­ми­рі болады. Мен де кішкентайымнан ұстаздарым мен бапкерлеріме еліктеп өстім. Солардың бірі – ирандық балуан, Олимпиада чемпионы Хасан Яздани, екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдул­рашид Садулаев, үш дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиев сынды бал­­уандар менің кумирлерім. Бұйырса, солар сияқты нәтижеге жеткім келеді. 

– Бұл алтынды Қазақстан 25 жыл бойы күтті деп кешеден бері БАҚ жарыса жазып жатыр. Неге әлем чемпионы атағы елімізге ұзақ күттіріп бұйырды? 

– Иә, 25 жыл бойы қазақ елі бұл жеңісті асыға күтті. Біздің балуандар ақ­тық белдесуге дейін бірнеше мәрте жетті. Бірақ жауапкершілік жүгінің ауыр болғаны соншалық, балуандарымызға бақ пен сәттілік серік болмады. Мұндай сәтте әр балуан кілемге шығып, қолынан келгенін жасауы керек. Ал жауапкершілік пен сенімді кілем үстінде емес, белдесу­ден кейін ойлауы керек. 

– Ендігі мақсатыңыз қандай?

– Осы жолғы әлем чемпионаты ме­нің 92 келі салмақтағы соңғы жарысым болды. Келесі бәсекеден бастап олим­пиада бағдарламасына кіретін 97 келіге дейінгі салмаққа ауысамын. Сөйтіп, олим­­­пиадаға лицензия алуды жоспарлап отырмын. Келесі жылы және болашақта олимпиада чемпионы атану – менің мақсатым. 

– Ал еркін күрестен ұлттық құраманың Олимпиада ойындарына дайындығы қай деңгейде? Сіздерде арнайы спорт дәрігер­лері бар ма? 

– Иә, еркін күрестен ұлттық құрама Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеткен. Қоржынымызда олим­пиа­даға бір лицензия бар. Қалған бес лицензияны Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде аламыз деп ойлай­мын. Ұлттық құрамада Андрей Клепин атты мықты спорт дәрігері мен массаж маманы бар. Тікелей сол мамандардың арқасында біз жеңіс пен нәтижеге қол жеткіздік. Олар әрқашан біздің денса­­улығымызды бақылауда ұстап, дәрумен­­дер тағайындап отырады. 

– Болашақ спортшыларға қандай кеңес бересіз?

– Еңбек әрқашан ақталады. Жас спорт­шыларға айтарым – ешқашан кері шегінбеңдер. Аянбай тер төге беріңдер. Ұтылып жатсаң: «мен әлі жаспын ғой» деген сылтауды ойдан алып таста. Кіш­кентай кезден бастап, жеңіске ұмтылу керек. Сонда 19-20 жасыңда әлем чем­­пионы, Олимпиада чемпионы атанасың!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН